Елде Құрылтай депутаттарының сайлауы аяқталды. 7 партия бір палаталы заң шығарушы органның мандатын сарапқа салды.
Сарапшылар: «Бұл – Президенттің кешенді реформаларының жалғасы», - деп отыр. Қазақстандықтар сайлау учаскелерінде қалай дауыс берді, бұл сайлау несімен есте қалды және халықаралық байқаушылар оған қандай баға берді?
Тарихи сайлау, тағдыршешті таңдау. Ал осы науқанды халық болып қолдау − елдің болашағын ойлау. Бүгін жұртшылық жұмылды, жаңа саяси жүйенің шымылдығы түрілді, Құрылтай құрылды. Енді жаңа дәуірге қадам бастық. Алайда бұл нені білдіреді?
Сайлаудан кейін Үкімет тарайды. Министрлер қызметін босатады. Ал мемлекеттік саяси жүйенің құрылымын жаңартуға осы Құрылтай белсене араласады. Демек көптен бері айтып жүрген ауқымды өзгерістердің алғашқы кірпішін қаладық. Науқан маңызды. Тиісінше, белсенділік те жоғары. Оңтүстік Корея мен Жапониядағы отандастар әдеттегідей сайлауды ашып берді. Таптаурын стильден бас тартып, науқанды ерекше бастап берген де солар.
Әлішер Әзімбаев, Цукуба университетінің студенті:
- Бүгін осы сайлауға би кейіпінде келіп тұрмын. Жалпы саясат пен тарихтың байланысын, оның сабақтастығын көрсеткім келеді. Әділдік пен халық билігінің негізі қалаған, Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би сияқты ұлы бабаларымыздың аманаты - біздің рухани және саяси дамуына іргетасы болу қажет деп ойлаймын. Құрылтай қазақ тарихындағы ел тағдырын шешкен ұлттық жиын болған. Осы құрылтайға да өз үмітімізді артамыз.
Әрі қарай бұл үрдіс әлемнің түкіпір-түкпірінде жалғасын тапты. Көрші мемлекеттерді былай қойғанда, мұхит асқаны да, Кәрі құрлықта алшаң басқаны да таңдауын жасады. Бұл науқанды тұтас әлем қазақтары бақылап отыр. Қазақстанның Аризона штатындағы құрметті консулы Хью Холманның айтуынша, жаңа жүйе халықтың мемлекеттік басқарудағы рөлін күшейтіп, депутаттардың жауапкершілігін арттырады.
Хью Холман, Қазақстан Республикасының Аризона Штатындағы құрметті консулы:
- Конституция мәселелерін зерттеуші ретінде айтарым, кез келген елдің Ата заңы оның қазіргі жағдайы мен ерекшеліктеріне сәйкес болуы керек. Қазақстанның қос палаталы жүйеден бір палаталы заң шығарушы органға көшуі – өте орынды шешім. Қос палаталы жүйе, әдетте, қоғамдағы әртүрлі мүдделерді жеке өкілдік ету қажеттілігінен туындайды.
Ел ішіндегі сайлау учаскелерінен де адам аяғы үзілмеді. Еңбеккер жастан, еңкейген қарияға дейін таңдау жасауға асықты. Таптаурыннан тартынған азаматтар ел ішінде де бар. Ретро стиль де, батырлар мен ғашықтар образы да болды. Спортшылар кейіпіне енген азаматтар да желіде кең таралды. Ал атыраулық сайлаушы учаске алдында КамАЗ сүйреп келді. Дауыс бергеннен кейін өз қолымен арматураны майыстырып, одан сайлау күніне орай «23» санын жасады.
Есләм Рысмұхамбетов, қала тұрғыны:
- Ертең тұрамыз деп жұбайымыз екеуіміз ақылдасып, міне, келдік дауыс беруге. Енді ойлаймыз, елімізде, Жаңа Қазақстанда өзгеріс болады деп. Соған сеніп, үмітімізбен келіп отырмыз.
Фатиха Рысмұхамбетова, қала тұрғыны:
- Құжаттар жылдам қол қойылады дейді. Неге десе, бұрын Мәжіліске келеді, одан Сенатқа.
Бұл саяси науқанды өзімізден бөлек халықаралық байқаушылар да тексеріп отыр. Еуропадан 200 сарапшы мен 100-ге жуық парламент мүшесі келді.
Пикет Винсент, ЕҚЫҰ демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының байқаушысы:
- Қалада сайлаушылардың белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Байқаушылар Қазақстанның барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларында, сондай-ақ 104 ауданда мониторинг жүргізуде. Олардың қатарында ірі елді мекендерінің барлығы қамтылған.
Құрылтайлар да Құрылтайдың құрамын жасақтауға үлес қосқан болуы мүмкін. Мынадай қызық дерек бар. Елде Құрылтай есімді 10 адам бар. Олардың алтауы - ер адам болса, төртеуі - әйел. Есімі бірегей азаматтардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында тұрады. Екеуі Алматыда. Ал Абай, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау өңірлерінің әрқайсысында бір адамнан тіркелген. Жас ерекшелігіне келсек, бесеуі алпысты алқымдаған азамат. Ең үлкені - сексенде.
Бекзат Аманов, тілші:
- Сонымен, өңір-өңірде құрылған 10 мыңнан астам учаске жабылды. 12 млн 605 мың 788 сайлаушы болса, соның бәріне дауыс беруге тең мүмкіндік берілді. Қариялар мен денсаулығы сыр берген жандар да саяси науқанға алаңсыз баспанасынан қатысты. Қысқасы үйдегісі үйде, түздегісі түзде таңдауын жасады. Осылайша, тұтас ұлт Құрылтайдың құрамын жасақтауға үлес қосты. Міне, сайлау да аяқталды. Кандидаттар белсенді болғанын көрдік. Енді осы бетінен таймай, сөзінен тайқымай сенім үдесінен шығу қалды. Қорыта айтсақ, ендігі кезек депутаттарда.
Тегтер #сайлау #құрылтай 2026 #таңдауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz