Құрылтай сайлауына дауыс беру Канаданың астанасы Оттавада да басталды. Аумағы жөнінен әлемде екінші орын алатын алып мемлекетте Қазақстан азаматтары үшін №443 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
Сондықтан елдің әр өңірінде тұратын отандастарымыз өз таңдауын Оттавадағы Қазақстан Елшілігі жанынан ашылған учаскеде жасай алады. Дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Канаданың өзі алты уақыт белдеуін қамтитындықтан, мұндағы сайлау Қазақстанмен салыстырғанда едәуір кеш өтеді. Яғни Астана уақытымен таңғы 05:00-де аяқталады. Сайлау учаскесіне келген азаматтар Қазақстан паспорты немесе жеке куәлігі арқылы дауыс береді. Осылайша, елден мыңдаған шақырым қашықта жүрген қазақстандықтар Құрылтайдың жаңа құрамын жасақтауға қатысып жатыр
Әлібек Сағидулла, Қазақстан азаматы:
- Құрылтай – тарихи жаңалық, маңызды өзгеріс. Дәл осы сайлауда пікір білдіру ел тағдырына үлес қосудың мүмкіндігі деп есептеймін. Әр дауыс маңызды. Сондықтан мен бүгін осындамын.
Анар Жұмабек, Қазақстан азаматы:
- Бүгінгі сайлау еліміздің тарихымыздағы маңызды әрі тарихи сәт деп ойлаймын. Канадада тұрып жатсам да Қазақстан азаматы ретінде өз елімнің болашағы туралы алаңдаймын. Мен үшін дауыс беру – өз азаматтық борышымды орындау және таңдауымды білдіру. Сонымен қатар болып жатқан өзгерістерге өз үлесімді қосу өте маңызды деп ойлаймын. Арада қаншама шақырым болса да, менің жүрегім әрқашан Қазақстанмен бірге.
Тегтер #Канада #құрылтай 2026 #дауыс беруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz