Сан-Францискода дауыс беру аяқталды.
Уақыт белдеуінің айырмашылығына байланысты Қазақстанның шетелдегі сайлау учаскелерінің ішінде дәл осы қаладағы дауыс беру орны ең соңғы болып жабылды. Қазақстанның Бас консулдығында орналасқан сайлау учаскесіне Сан-Франциско мен Кремний алқабында, сондай-ақ консулдық округке кіретін өзге өңірлерде тұратын және уақытша жүрген Қазақстан азаматтары келіп, өз таңдауын жасады. Олардың арасында АҚШ-та білім алып жүрген студенттер, ғалымдар және жетекші технологиялық компанияларда еңбек ететін қазақстандық мамандар бар. Осылайша Сан-Францискодағы учаскенің жабылуымен Қазақстанның Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша шетелдегі дауыс беру процесі толық аяқталды.
Назира Нұрбаева, ҚР Сан-Франциско қаласындағы бас консулы:
- Қазақстандағы сайлаудың әлем бойынша ең соңғы дауыс беру нүктесі - ол біздің консулдық, яғни Сан-Франциско қаласындағы 472-сайлау учаскесі. Қазіргі сәтте сайлау бойынша дауыс беру аяқталды. Бүгінгі сайлауға отандастарымыз Лос-Анджелестен, Сан-Франциско, Кремний алқабынан келді. Дауыс берушілер арасында әсіресе АҚШ-та білім алып жатқан студенттер басым болды. Біреуі солардың ішіндегі қазақтың дәстүрлі күйін орындап, бәрімізге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сайлау учаскемізде дауыс беру процесі белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді.
Айман Искакова, Қазақстан азаматы:
- Шетелде жүрсем де еліміздегі маңызды іс-шаралардан тыс қалмауға тырысамын. Мемлекетіміз әрқашан жастарды жан-жақты дамуына, әлемнің үздік университеттерінде білім алуға жан-жақты қолдауын көрсетуде. Осындай маңызды іс-шаралар елімізде өтіп жатқан кезде әрқайсымыз өз азаматтық борышымызды көрсетуге дайын болуымыз керек.
Тегтер #Сан Франциско #құрылтай 2026 #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz