Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты құндылығы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады.
Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын. Қасым-Жомарт Тоқаев білім бәйгесінде топ жарған жас дарындарды жарқын жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ табанды еңбек, үздіксіз ізденумен жеңіп алған әр медальдің бағасы қымбат, маңызы зор екенін атап өтті.
6 алтын, 11 күміс, 4 қола. Бұл білектің емес, білім бәйгесіндегі жүйріктердің тарихи жетістігі. Бүгін ақыл аламанының алды болған 21 лауреат Ақордада бас қосты. Президент дарынды жастарды қабылдап, жарқын жеңісімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер «ел мақтанышы» деген атқа лайықсыздар!
Әсіресе қазақ балаларына физика пәнінен тең келетін жан табылмады. Жаһандық додаға аттанған балалардың барлығы алтыннан алқа тағып, жалпы есепте көш бастады. Және тұңғыш рет химия ілімінің бас жүлдесі қазақ қызына бұйырды.
Айзере Жеңісханова, химия пәнінен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы:
- Жалпы Ақордаға келу, Мемлекет басшысын көру мен үшін үлкен қуаныш. Қыздар арасында химия пәнінен ешкім алтын алмаған. Мен алтын аламын деген мақсат қойдым.
Әрине, өрендердің бабын тауып, бәйгеге қосқан ұстаздардың еңбегі ерен. Сол себепті Президент шәкірттері беделді халықаралық жарыста топ жарған тәлімгерлерді де ескерусіз қалдырған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Қарлығаш Жолдыбаева, биология пәнінің мұғалімі:
- Оқушының барлығы қабілетті, барлық бала өз алдына дарынды. Бірақ соның ішінен жұлдызды танып, шамын жаға білу керек. Ойы озық оқушыны жаһандық додаларға шығару өте қиын. Бұл үлкен жұмысты талап етеді.
Озық ойлы өрендерге Мемлекет басшысы қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, жарыс жеңімпазына 1500, күміс медаль иегеріне 1000, үздік үштікті түйіндеген оқушыға 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы қарастырылған.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- 2022 жылдан бастап Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен халықаралық пәндік олимпиадаларының жеңімпаздарына қаржылай сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ олардың ұстаздарына бір реттік сыйақы қарастырылған. Бұл балаларға үлкен мотивация болды.
Тарихи жеңістің артында 1,6 миллионға жуық оқушыны қамтыған жаппай іріктеу жүйесі тұр. Яғни 1 оқу жылында 80-нен аса республикалық зияткерлік жарыстар ұйымдастырылады. Одан ауыл баласы да қалыс емес. Биыл 125 мың бала өз бағын сынап, оның мыңға жуығы ақтық сынға өткен.
Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар. Білекке емес, білімге сенетін заман қазір. Қазақ қоғамы да осы ілімге сенуі де, сүйенуі де керек. Себебі бүгінде білім мен ғылымның арқасында әлемге әмірін жүргізіп, шаруасын дөңгелетіп, шаш-етектен пайдаға кенеліп отырған шағын елдер баршылық. Сондықтан қазақ билігі білімді жастарды көбейтуге күш салып отыр.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #президент #олимпиада жеңімпаздарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz