Қазақстанда инвестициялық саясаттың жаңа кезеңі басталды.
Мемлекет шетелдік капиталды бұрынғыдай негізінен шикізат саласына емес, өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологиялық өндірістерге және экспортқа бағытталған жобаларға тартуға басымдық беріп отыр. Былтыр елге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 млрд долларға жетті. Қазір бұл қаржы нақты қандай салаларға бағытталып жатыр және оның алғашқы нәтижелері қандай?
Осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жаңа инвестициялық циклді іске қосудың маңызын атап өтті. Негізгі мақсат – капитал ағынын шикізат секторынан өңдеу өнеркәсібіне, экспортқа және жоғары технологиялық жобаларға бұру.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет.
Дариға Ташенова, тілші:
- Қазақстан Орталық Азияда шетелдік капитал тарту бойынша көш бастап тұр. Былтыр ел экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 млрд долларға жетіп, бір жылда шамамен 15 пайызға өсті. Сарапшылардың айтуынша, қаражат өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, цифрлық инфрақұрылым және қаржы секторы сынды әлеуеті жоғары перспективалы салаларға бағытталуда.
Темірлан Келдібаев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Жаңа инвестициялық цикл негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін тұрақты арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қаржы ағынын өңдеуші және экспортқа бағытталған кәсіпорындарға бұруға жол ашады. Мысалы, металлургия саласына салынған инвестиция 1,2 млрд долларға дейін жетті. Байланыс саласында бұл көрсеткіш 1,3 млрд долларды құрады. Көлік және химия өнеркәсібінде де өсім байқалады.
Шетелдік инвесторлар тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық жоғары. Оған елдегі саяси тұрақтылықпен қатар мемлекеттік қолдау шаралары да сеп болды. Кәсіпкерлер үшін бірқатар салықтық жеңілдік те қарастырылған. Ал жаңа конституциялық нормалар инвесторлардың құқықтарын қорғауға қосымша кепілдік береді.
Олег Гощанский, шетелдік инвестор:
Қазақстан Үкіметі экономика мен саясатта прагматикалық бағытты ұстанып отыр. Бұл инвесторларға жобаларының болашағын бағалап, ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік береді. Тұрақтылық, қолайлы жағдай және қауіпсіздік –мемлекет ұсынатын негізгі факторлардың бірі.
Шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардың бірі – Жамбыл облысындағы жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны. Зауыт жылына 3 млн тоннаға дейін өнім өңдеуге қауқарлы. Ал Қызылорда облысына испаниялық компаниялардың бірі санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын жоғары технологиялық зауыт салуға 44 млрд теңгеден астам инвестиция құймақ. Бұл жобалардың арқасында жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады.
Темірлан Келдібаев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Жаңа инвестициялық циклдің маңызды бағыттарының бірі – жобаларын Қазақстанда жүзеге асырған ірі компанияларды қайта инвестициялауға ынталандыру. Соған бір мысал – «Альстом» компаниясы. Ол электровоз өндіру жобасын тиімді іске асырды. Қазір кәсіпорын еліміздің түрлі өңірінде жаңа өндіріс орындарын құруға инвестиция салып жатыр. Бұл – біз сүйемелдеп отырған табысты жобалардың бірі.
Қазақстан шетелдік бизнес үшін сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын нығайтып келеді. Ұзақ мерзімді капитал тарту үшін инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі жаңартылған тұжырымдамасы қабылданды. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының да маңызы зор. Орталық ағылшын құқығы қағидаттарымен жұмыс істеп, инвестициялық дауларды тәуелсіз шешу мүмкіндігін ұсынады.
Авторлары: Дариға Ташенова, Арман Ақшабаев
Тегтер #Хабар 24 #инвестиция #жаңа кезеңPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz