RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Қытай Орта дәлізді дамытуға күш салады

02.09.2026, 17:51 39

Қазақстан мен Қытай Орта дәліздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға күш салады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында «ақылды кеден» жүйесін енгізу, құжат айналымын цифрландыру және шекаралық рәсімдерді автоматтандырудың маңызын атап өтті. Ал Көлік министрлігінің болжамынша, 2029 жылға қарай Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы контейнерлік тасымал көлемі 300 мың жиырма футтық баламаға дейін ұлғайтылады. Президент сұхбатында тағы қандай мәселелерге тоқталды? Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықтың әлеуеті қандай?

Жолы бірдің – жүгі бір. Президент «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатын осылай деп бастап, бір-ақ ауыз сөзбен екі елдің қарым-қатынасы мен түпкі мүддесін айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктесік бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жеткенін айтып, ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр.

Сұхбатта қаузалған мәселенің бірі көлік және логистика. Қос ел үшін де бұл стратегиялық бағыт саналады. Президент: «Транзит – халықаралық бәсекедегі артықшылығымыз», - деді. Иә, теңіз жолы болмаса да, құрлықта төте жолы Қазақстан үшін бұл саланың әлеуеті басым. Тіпті Шығыс пен Батыс арасындағы алтын көпір. Бұл тұрғыда еліміз аймақтағы көшбасшы екені анық.

Сапарбай Жобаев, сарапшы:
- Орта жол өте маңызды. Біз теміржол, автожолдарды Ақтау, құрық порттарына жеткізіп одан Бакуге танкерлер арқылы жеткізіп, одан Потиге, Румыниядағы Констанцияға жеткізсек, осы ең сенімді жол болып жатыр. Неге Қытай, Еуроп осы жолдарға қызығып жатыр? Себебі теңіз жолдары ұзақ 40-45 күнде жетеді, соның өзіңде келеңсіз оқиғалар болып тұрады. Ал теміржолмен баратын жол 14-15 күнде жетіп барады. Біздің әлеуетіміз осында.

Мемлекет басшысы Синьхуа агенттігіне берген сұхбатында қос ел технологиялық ықпалдастыққа ынталы екенін де мәлімдеді. Тараптар нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан тыс, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейін серпін бермек. Қазақстан биыл жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның қатарына қосылды. Оның негізін 29 мемлекет қалаған. Бұл – цифрлық салада халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс. «Осы рете заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуіміз қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.

Саяси және экономикалық байланыстармен қатар екі елдің мәдени-рухани қарым-қатынасы да қарқын алған. Биыл Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды. Бұдан бөлек ондаған мың қазақстандық студент аспан асты елінде білім алып жатыр. Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай жастарының саны да аз емес.

Жадыра Әсетқызы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:
- Өздеріңіз білесіздер, осы жылды ЖИ және цифрландыру жылы деп жарияладық. Келесі жылы да екі ел қарым қатынасында мұны ары қарай дамыта береміз деп ойлаймын. Транспорт пен цифрландыру бір сала деп санауға болады. Қазақстан тек транзиттік хаб емес, экономикалық хаб ретінде дамытуға мүдделі.

Визасыз режимнің енгізілуі де туризм саласына тың серпін берді. Былтыр елге 962 мың қытайлық туристтің табаны тиген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көп. Президент көршілерімізге елде етене танысатын дүние жеткілікті екенін де сұхбатта айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып біліп келеді.

Мемлекет басшысы биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударып, келесі жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл болатынана тоқталды. Президент сөзін қортындылай келе Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын, «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайтынын және Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

Авторлары: Әлішер Әли, Мерей Талап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz