Біріккен Ұлттар Ұйымында Қазақстанның бастамасымен бекітілген Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күнге арналған іс-шара өтті. Биыл бұл жиын тарихи күнмен тұспа-тұс келді.
Семей полигонының жабылғанына – 35 жыл, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қоюға ұсынылғанына – 30 жыл және «Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ» деп жариялаған шартқа 20 жыл толды. Жоғары деңгейлі отырыста БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ядролық мемлекеттерді сынақ мораторийін сақтап, шарттың күшіне енуін жеделдетуге шақырды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Осылайша бірнеше күнге ұласқан іс-шараларда Қазақстанның аты Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен талай мәрте естілді. Өйткені еліміз 35 жыл бұрын әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірін жауып, кейін жер жүзіндегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн ретінде белгілеу бастамасын көтеріп, жаһандық қарусыздану ісіне тың серпін берді.
Осы тарихи кезеңнің адам тағдырындағы бейнесі – Кәріпбек Күйіков. Ядролық сынақтардың зардабын тартқан суретші БҰҰ мінберінде Семей полигонының салдары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, талай жанның өміріне әлі әсер келе етіп жатқанын жеткізді.
Кәріпбек Күйіков, суретші, ҚР Ізгі ниет елшісі:
- Бүгін Қазақстан атынан сөз сөйлеп, ақын Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» қозғалысының тарихын баяндадым. Оның соңынан ерген халқымыз ажал ошағына айналған Семей полигонын жауып, келер ұрпақтың тағдыры үшін нағыз ерлік жасады. Менің бүгінгі мұратым да – жер бетінде мұндай қасіреттің енді қайталанбауына үлес қосу. Бар тілегім – менен кейін ядролық сынақтың бірде-бір құрбаны болмасын деймін.
Негізгі отырыспен қатар Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың 30 жылдығына арналған көрме ашылды. Қазақстан тағы алты мемлекетпен бірге БҰҰ аумағына естелік ретінде ағаш отырғызды. Қатысушылар «Невада – Семей» қозғалысының халықтық қарсылығын бейнелейтін фотосурет қойылған «Қарусыздану қабатын» аралап, жарқын әрі қауіпсіз болашаққа үндеді.
Роберт Флойд, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы:
- Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт 188 мемлекетті ортақ мұратқа ұйыстырып отыр. Қазақстан – ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалардың белді қолдаушысы. БҰҰ мінберінен естілетін оның үні айрықша маңызды. Ел осы бағыттағы көшбасшылығын жалғастырады деп сенеміз.
Казуюки Ямазаки, Жапонияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
- Хиросима мен Нагасакиден Семейге дейін біздің халықтар ядролық қасіретті өз басынан өткерді. Сондықтан Қазақстан мен Жапония Жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуі үшін күш біріктіруін үдетуі керек. Ортақ мұратымыз – мұндай зұлматтың енді қайталанбауы.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Кирибати БҰҰ-да халықаралық кездесу өткізіп, ядролық сынақтан зардап шеккендерге көмек беру мен бүлінген аумақтарды қалпына келтіру жолдарын талқылады. Қазақстанның тұрақты өкілдігінде Кәріпбек Күйіков өз картиналарын БҰҰ-ның қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Роберт Флойдқа табыстады.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шэнь
Тегтер #24KZ #БҰҰ #бейбіт ұстаным #Қазақстан #ядролық полигон #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz