RU
Толық нұсқаға өту

Үкімет отырысында құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы талқыланды

08.09.2026, 19:31 44

Қазақстанда еңбек нарығы мен білім беру жүйесінің арасында алшақтық әлі де бар. Жұмыс күші тапшы, бірақ колледждерде даярланған маманға нарықта сұраныс төмен.

Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында кадр жетіспейді. Бүгін жаңарған үкіметтің алғашқы отырысында осы мәселе күн тәртібіне шығарылды. Кадр тапшылығын жою үшін қандай жобалар қолға алынады? 

Қазақстанда маман тапшылығы – еңбек нарығының ең өзекті мәселелерінің бірі. Әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында кадр қат.

Бір қызығы – жұмыс берушіге қажетті маман жетіспейді, ал колледждерде даярланып жатқан кадр саны нарық сұранысымен сәйкеспейді. Құрылыс саласына – 102 мың, агросекторға 75 мың маман қажет. Демек мәселе маман жоқтығында ғана емес, бар жұмысшыны нарық талабына сай даярлай алмауда. Енді бұл алшақтықты қысқарту үшін білім беру жүйесі жаңартыла бастады. Жаңа мамандықтар атласы негізінде биыл 2 мыңға жуық білім беру бағдарламасы өзгерді. Бүгінде 20 өңірлік карта әзірленіп, онда 2 мыңнан астам жаңа мамандық айқындалды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Еңбек нарығының болжамы экономика сұранысы мен колледждердегі кадр даярлау көлемі арасында алшақтық бар екенін көрсетеді. Орта мерзімді болжам бойынша 2023 жылға қарай 1,8 млн астам жұмысшы маманға сұраныс қалыптасады. Оның ішінде өнеркәсіпке – 183 мың, құрылысқа – 102 мың, ауыл шаруашылығына – 73 мың, IT саласына – 12 мың маман қажет. Кадр тапшылығы әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында байқалады Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік бар, ал осы бағытта 22,4 мың студент оқиды, яғни сұраныс 4,5 есе жоғары.

Яғни ендігі мақсат – студентке жай ғана диплом беріп шығару емес. Нарықта нақты қажет болатын маман даярлау. Осы ретте заманауи дағдыларға, оның ішінде жасанды интеллект негіздерін меңгертуге басымдық берілмек. Технологиялық өзгеріс еңбек нарығын да өзгертуде. Әлемде 200-ден астам жаңа мамандық пайда болып, жүзге жуық кәсіп трансформацияланбақ. Ал 125 кәсіпке сұраныс төмендеуі мүмкін.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Кадрларға қажеттілікті кешенді болжауға сүйенетін болсақ, 2030 жылға қарай сұраныстың 53%-ы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына тиесілі. Мамандарға ең көп қажеттілігі бар салалар – ауыл, орман және балық шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы және т.б. 73 мың кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша орта мерзімді қажеттілік 437,9 мың маманды құрайды. Қажеттіліктің 55%-ы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына, қолданбалы біліктіліктер мен микробіліктіліктерге, ал 45%-ы жоғары білімді мамандарға тиесілі.

Еңбек нарығындағы сұранысқа қарай колледждердегі мамандықтар мен білім беру бағдарламалары да қайта қаралып жатыр. Сұранысы төмен болғандықтан 32 мамандықты, оның ішінде 41 жұмысшы біліктілігін алып тастау жоспарланған. Сонымен қатар еңбек нарығының қазіргі талабына сәйкес келмейтін 66 білім беру бағдарламасы арнайы тізілімнен шығарылды. Жиында үкімет басшысы назар аударған бір мәселе бос жұмыс орындарының жағдайы. Сала министрінің сөзінше, елде қазір 845 мыңнан аса ваканция бар. Үкімет басшысы халыққа түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мыңдаған адамды, мамандарды шетелден алып келуге мәжбүрміз. Осы жұмыс тоқтап қалмасын деп, солай ма? Солай. Мұны халыққа дұрыстап түсіндіру қажет. Елімізде жұмыс жоқ деген сөз болмауы керек. 

Министрдің мәліметінше, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына шамамен 9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 млн-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында болмақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz