Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге жұмыс сапарымен барды.
Қазақстан Президентін Үндістан Үкіметінің ресми тұлғалары қарсы алды. Сапар аясында Мемлекет басшысы «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді, сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесу өткізеді.
Дели аспаны бұлтты. Алайда ымын бимен білдіретін ұлтты қолайсыз күн райы да састырмады. Келген қонағын құтты санап, сән салтанатымен күтіп алды.
Әлішер Әли, тілші:
- Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үндістанның лауазымды тұлғалары халықаралық алаңдарда бірнеше мәрте кездесті. Алайда ресми форматтағы сапардың саяси мәні мүлде бөлек. Бұл Қазақстанның Үндістанды Оңтүстік Азиядағы маңызды серіктес әрі көпполярлы әлемнің негізгі орталығының бірі ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Биылғы 6 айда Үндістаннан елге импортталатын тауар көлемі 242,8 млн доллар болды. Бұл – Қазақстан жалпы импортының 0,77%-ы. Бір қарағанда, аз көрсеткіш болып көрінуі мүмкін. Алайда күн тәртібінің ерекшелігі де осында. Еліміз Үндістан нарығының әлеуетін толық пайдалануға ниетті. Сол себепті алда бірнеше бағыт қарастырылып отыр. Қазақстан металл, химия, мұнай-химия өнімдерін, ауыл шаруашылығы тауарларын, стратегиялық маңызы бар минералдарды тасымалдауға қауқарлы. Ал Үндістан фармацевтикалық өнімдерді, технология мен жабдықтарды жеткізе алады.
Сандип Сингх, саяси сарапшы:
- Қазақстан – Орталық Азияда жетекші рөл атқаратын және зор экономикалық әрі стратегиялық әлеуетке ие, халықаралық деңгейде мойындалған «орта держава». Жаһандық жүйе қарқынды өзгерістерге ұшырап жатқан тұста біздің ынтымақтастығымыздың маңызы арта түсті. БРИКС Үндістан мен Қазақстанға энергетика, технология және қауіпсіздік салаларындағы байланыстарды тереңдету үшін тамаша алаң ұсынады. Бұл бізге бүкіл құрлықтағы тұрақтылықты нығайтуға бірлесіп үлес қосуға мүмкіндік береді.
Тұрақтылық, инновация, ынтымақтастық және орнықты даму. Әлем назарын аудартып отырған БРИКС-тің негізгі төрт басымдығы осы. Ертең Үндістан тізгінді қолға алған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді. Биыл БРИКС-тің құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт ішінде бірлестіктің маңызы тек сандық тұрғыдаа артқан жоқ. Бұл алаңда әлемдегі ең ірі энергетика, өнеркәсіп, қаржы нарығы тоғысады.
Джагмит Бава, Пенджаб орталық университеті Оңтүстік және Орталық Азияны зерттеу кафедрасының профессоры:
- Қазақстан Үндістан үшін зор стратегиялық маңызға ие. Орталық Азиядағы ең ірі әрі энергетикалық ресурстарға бай ел ретінде ол ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктер ұсынады. Біз үшін БРИКС – жай ғана кезекті бір блок емес, ол Үндістан мен Қазақстанға энергетика және мәдениет салаларында өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін қуатты алаң. Бұл серіктестік Еуразия аймағында жаңа, инклюзивті халықаралық тәртіпті қалыптастыруға және теңгерімді сақтауға ықпал ете алады.
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 29,9 млрд доллары Қытай мен Ресейге тиесілі болды. Елдің жалпы сыртқы сауда айналымының 41,6%-ы қос елдің үлесінде, яғни Қазақстанның сыртқы саудадағы әр он долларының төртеуі БРИКС-ке мүше осы екі мемлекетке кетеді. Сарапшылардың пікірінше, жаһандық энергетикалық өзгеріс, электромобильдер мен аккумулятор жүйелердің дамуы, цифрлық экономика мен жасанды интеллект шикізатқа сұранысты арттыруы мүмкін. Бүгінде уран, мыс секілді шикізат түрлерін сатып алуға ниетті елдер күрт артты. Сондықтан Қазақстан үшін БРИКС шикізатты өңдеу, құрамдас бөлшектер өндіру бағытында серіктестер іздейтін алаң болмақ.
Авторлары: Әлішер Әли, Мирлан Алтынбек
Тегтер #президент #Мемлекет басшысы #жұмыс сапары #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz