Оның аясында Президент Сеул қаласында жоғары деңгейдегі ресми келіссөздер өткізеді, сондай-ақ елдің ірі жетекші компанияларының басшыларымен кездеседі деп жоспарланған.
Айта кетелік, Қазақстан басшысын осы елдің президенті Ли Чжэ Мёң арнайы шақырған болатын. Екі күнге жалғасатын сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне де қатысады.
Ресми Сеулдің саяси өмірі соңғы жылдары саябырсыған емес. Соңғы он жылда елде 4 президент ауысып үлгерді. Былтыр маусымда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда 63 жастағы Ли Чжэ Мёң жеңіске жеткен. Көк сарайдың иесі ауысқанмен, Қазақстан мен Корея арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар ешқашан үзілмеген. Ли Чжэ Мёң Қасым-Жомарт Тоқаевты өз еліне сапарлап келуге былтыр шілдеде шақырған, сосын сәуірде Ақордаға арнайы өкілін жіберіп, «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне тағы шақырған. «Азия жолбарыстарының» бірі атанған технологиясы озық Оңтүстік Кореямен келісім бізге керек.
Әлішер Асқаров, «КazТrade» АҚ-ның экспорттық акселерация департаментінің бас менеджері:
- Қазіргі уақытта біз бірқатар шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Экспортты дамыту аясында осы жылдың тамыз айында Корея импорттаушылар қауымдастығымен бірлесіп бизнес-форум өткіздік. Іс-шараға кореялық тараптан шамамен 100 компания қатысып, біз жалпы құны шамамен 55 миллион АҚШ долларын құрайтын коммерциялық келісімшарттарға қол қойдық. Сонымен қатар, сауда саласынан бөлек, осы бизнес-форум бастамасы аясында екіжақты инвестициялық байланыстарды да дамытып келеміз.
Корея Қазақстанның он ірі сауда серіктесінің қатарында тұр. Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд АҚШ доллары болса, бұл көрсеткіш биылғы алты айда 1,3 млрд долларға жеткен. Корея – Қазақстанға инвестиция салудан именбейтін елдердің бірі. «Kazakh Invest» мәліметінше, соңғы бес жылда Қазақстанға Оңтүстік Кореядан 5,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылған.
Әлішер Асқаров, «КazТrade» АҚ-ның экспорттық акселерация департаментінің бас менеджері:
- Оңтүстік Кореядан тікелей инвестициялар ағынын арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз бұл салада кешенді тәсілді ұстанудамыз. Жалпы инвестициялық ахуалға келер болсақ, Қазақстан инвесторлар үшін көптеген шаралар мен жеңілдіктерді енгізді. Олар инвестицияның қай елден немесе қайдан келгеніне қарамастан, барлығына қолжетімді.
Азия жолбарысы, жоғары технологиялар мен алып корпорациялар елі. Оңтүстік Корея жайында айтқанда осы теңеулердің қайсыбірімен де оңай келісуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапары барысында сол алыптармен арнайы кездеспек.
Ақерке Абаған, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі:
- Әсіресе қазіргі Алатау сети жобасы көпшіліктің назарында. Алатау сити жобасында қазір Корея Қазақстанмен өте қарқынды серіктестік орнатып келе жатыр. Біршама кездесулер болды осы тараптан. Осы жасанды интеллект, IT саласына Корея Қазақстан үшін өте зор мүмкіндіктер және серіктестік жолдарын ашып беруге мүмкіндік береді.
Ал 16 қыркүйекте Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммиті өтеді. Бұл кездесуді Корей тарапы «тарихи» деп бағалап отыр, себебі ресми Сеул бұрын соңды Орталық Азиядағы бес мемлекеттің басшыларын бір үстел басына жинаған емес. 2024 жылы таңғы шық елі алғаш рет «Корея - Ұлы Жібек жолы» атты алғашқы дипломатиялық стратегиясын қабылдаған. Ол құжатта Орталық Азия енді посткеңестік кеңістік ретінде емес, халқы 80 миллионнан асатын, демографиялық әлеуеті жоғары, энергетикалық ресурстары мол әрі маңызды минералдардың қоры бар өңір ретінде қарастырылады.
Ақерке Абаған, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі:
- Экономикалық серіктестік бар, өйткені қазіргі таңда Қазақстан ең бірінші мына шикізат көздері Корея мемлекеті шикізат көздеріне тапшы болғандықтан, қазір әсіресе Қазақстан жерінен уран, хром минералды заттардың ең басты Кореяға тасымалдаушы болады. Және геосаяси саясатта да Қазақстанның маңыздылығы арта түсуде. Өйткені жаңа атап өткендей, қауіпсіздік және Қазақстан жолдар тоғысында орналасқандықтан, Корея үшін алдағы уақытта өте маңызды рөл атқармақ.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Қазақ-корей тағдырлас халықтар. Кезінде Қазақстанға жер аударылған корейлердің ұрпағы бүгінде жүз мыңнан асады. Өткеннің ортақ тарихы бүгінгі әріптестікке арқау болса, ертеңгі сапар оның жаңа белесін айқындамақ.
Авторлары: Сағыныш Әбікей, Асхат Қарақойшиев, Бахытбек Нуртаев
Тегтер #24KZ #Қасым–Жомарт Тоқаев #Корея Республикасы #мемлекеттік сапар #саммит #Орталық Азия – Корея Республикасы #СеулPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz