RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Құрылтайы

«Smart City» тек технология емес: Алатау тұрғындарының мәселесі көтерілді

16.09.2026, 11:12 41

Алатау қаласының дамуы тек технологиялық нысандар салумен шектелмеуі керек. Қала құрамына кірген барлық елді мекен тұрғындары инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымға бірдей қол жеткізуі қажет. Бұл мәселені Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжанов көтерді, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттың айтуынша, Алатау қаласы Қазақстанның технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды жобаларының бірі болуы тиіс. Сондықтан Smart City тұжырымдамасы ең алдымен тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлылық әкелуі керек.

Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс, – деді Жанарбек Әшімжанов.

Оның айтуынша, қала құрамына енген елді мекендерде базалық инфрақұрылымға қатысты мәселелер әлі де бар. Мәселен, кей көшелерде абаттандыру жұмыстары аяқталмаған, газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті.

Сонымен бірге Еңбек және Жетіген елді мекендерінде бірқатар мәселе шешілген. Мұнда «Келешек мектеп» салынған, фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылған, газ желілері тартылған. Жолдар мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталып, Жетігендегі теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпірдің іске қосылуымен шешілген.

Депутат цифрландыруды тек электронды қызметтер немесе бейнебақылау жүйелерін енгізумен шектеуге болмайтынын атап өтті.

Цифрлық мемлекет құру – тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес. Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу, – деді ол.

Осыған байланысты депутат Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді ұсынды.

Сондай-ақ мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз ету, цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізу және қаланың даму тиімділігін бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізу ұсынылды.

Депутаттың пікірінше, Алатаудың тиімділігін тек инвестиция көлемімен өлшеуге болмайды. Бағалауда тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы да ескерілуі тиіс.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz