RU
Толық нұсқаға өту
кадр бейнежазбадан

«Құбырдан су кетіп, қабырға жарылады»: депутаттар жаңа үйлердің сапасын сынға алды

16.09.2026, 11:28 48

ЖСДП фракциясының депутаттары ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында жаңа баспаналардың сапасына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, құрылысты бақылау жүйесін түбегейлі қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды «24KZ».

Бүгінгі таңда ипотека арқылы көпжылдық несие рәсімдеп, ұзақ күткен баспанасына қол жеткізген азаматтар құрылыс сапасына байланысты үлкен қиындықтарға жиі тап болып отыр. Қоныс тойы өтісімен пәтерлерде құбырдан су кетіп, қабырғалар жарылып, қыста үй тоңазып, тіпті қасбеттердің құлауы сияқты келеңсіздіктер орын алуда. Салдарынан тұрғындар инженерлік желілер мен құрылыстың сапасыздығына жалғыз өздері бетпе-бет қалады. Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда болды?

Мемлекет туындаған мәселелердің адамдар қоныстанғаннан кейін емес, жобалау және құрылыс жүргізу кезеңінде анықталып, толық жойылуын қатаң қамтамасыз етуі қажет, - дейді депутат Наурыз Сайлаубай 

Қазіргі уақытта елімізде құрылыс саласын реформалау жүріп жатыр, атап айтқанда Құрылыс кодексі қолданысқа енгізіліп, цифрлық мониторинг пен жауапкершілікті арттыру көзделген. Алайда заңдағы нормалардың қағазда емес, іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні маңызды. Ең басты түйткіл – өңірлік деңгейде құрылысты жүргізу мен бақылауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бір мезгілде аумақтарды дамытуға, қала құрылысы мен жобаларды іске асыруға да жауапты болуында. Бұл ретте бақылаушы органда ықтимал мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін, сондықтан бұл жағдайға жол бермейтін тәуелсіз жүйе қажет, - деп атап өтті. 

Халық қалаулылары құрылыс саласына объективті бағалау жүргізіп, нақты жауаптар беруді талап етті:

Құрылыс кезінде қанша заң бұзушылыққа жол берілді?

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін олардың қаншасы анықталады?

Бақылауды нақты кім жүзеге асырады, кім жауап береді және неге олқылықтар уақытында анықталмады?

ЖСДП фракциясының ұстанымы бойынша, қарапайым азаматтар өз баспанасының сапасын пәтерді сатып алғаннан кейін соңғы бақылаушы ретінде өзі анықтамауы тиіс. Мемлекет туындаған мәселелердің адамдар қоныстанғаннан кейін емес, жобалау және құрылыс жүргізу кезеңінде анықталып, толық жойылуын қатаң қамтамасыз етуі қажет. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz