Мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналары мемлекеттік көмекті алу үшін әртүрлі мекемеге жүгінуге мәжбүр. Осыған байланысты «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Захира Бегалиева инклюзивті саясатты бір жүйеге біріктіруді ұсынды. Депутат бұл мәселені бүгін Құрылтай отырысында көтерді, деп хабарлайды «24KZ».
Депутаттың айтуынша, қазір медицина, білім, әлеуметтік қызмет, оңалту және жұмыспен қамту бағыттары әртүрлі ведомствоға қарайды. Соның салдарынан азаматтар қандай көмекке құқылы екенін, қайда жүгіну керегін және оған кім жауапты екенін анықтауда қиындық көреді.
Мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналары мемлекеттік көмекті өз бетінше іздеп, әр есікті жеке қағуға мәжбүр, – деді Захира Бегалиева.
Оның пікірінше, балаға көрсетілетін көмек ерте жастан бастап білім алуына, мамандық игеруіне, жұмысқа орналасуына және дербес өмір сүруіне дейін бірізді жүйе ретінде құрылуы керек.
Осы мақсатта депутат Үкімет жанынан ведомствоаралық тұрақты орган құруды ұсынды. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдармен бірге әкімдіктердің, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналары қауымдастығының өкілдерін енгізу қажет.
Сонымен қатар «Әлеуметтік навигатор» жүйесін енгізу ұсынылды. Ол азаматтың қажеттілігін анықтаудан бастап оңалту, білім алу, кәсіптік бағдарлау, жұмыспен қамту және дербес өмір сүруге дейінгі бірыңғай маршрутын қамтуы тиіс.
Адам үшін айқын жүйе қажет: қажеттілікті анықтау, оңалту, білім алу, қабілетін дамыту, кәсіптік бағдарлау, жұмыспен қамту және дербес өмір сүру, – деді депутат.
Бұдан бөлек, Захира Бегалиева әлеуметтік салаға бөлінетін қаражаттың жұмсалуымен қатар, оның нақты нәтижесін бағалайтын бірыңғай жүйе қажет екенін айтты. Мысалы, көрсетілетін қызмет сапасының өзгеруі, білім мен жұмысқа қолжетімділіктің артуы және азаматтардың табыс деңгейі ескерілуі керек.
Бөлінген қаржының қайда жұмсалып жатқанын ғана емес, нақты нәтижесін бағалау маңызды, – деді ол.
Депутат бұл үш бағытты біртұтас механизм ретінде қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл әр ведомствоның бөлек жұмыс істеуінен бас тартып, азамат үшін түсінікті әрі нәтиже үшін ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеге көшуге мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #құрылтай #мүгедектікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz