Елдеріміз арасындағы «Алтын көпір». Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев корей диаспорасының рөлін осылай атап өтті.
Оңтүстік Корея көшбасшысы Қызылордада тұрған генерал Хон Бом Доның есіміне ерекше назар аударды. Ли Чже Мён Корея ұлттық қаһарманының сүйегін 2021 жылы елге қайтаруға көрсетілген көмек үшін алғысын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Хон Бом Доның рухына Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев тағзым етті.
Қазақстан – корей ұлттық қаһарманы Хон Бом До өмірінің соңғы жылдарын өткізген жер. Ол 1937 жылы Қиыр Шығыстан ондаған мың кореймен бірге қазақ жеріне депортацияланған еді. Ол кезде Бом До 69 жаста еді. Қоныс аударушылар қолбасшыны жақсы біліп, құрметтеді және еңбегін бағалау ретінде генералға Владивостоктан Қызылордаға көшіп келген корей театрынан жұмыс ұсынылды. Ол сол жерде күзетші болып жұмыс істеді, көзі тірісінде өзіне арналған қойылымды көріп үлгерді және 75 жасында дүниеден өтті.
2021 жылдың тамызы. Тәуелсіздік үшін күрескердің сүйегі үлкен құрметпен отанына жеткізілді. Ол үшін Қызылордаға арнайы ұшақ жіберілді. Әуе көлігі асыл азаматтың денесін алып көкке көтеріліп, оны жойғыш ұшақтар шығарып салды. Ал әуежайда ұлт қаһарманының табытын сол кездегі ел Президенті Мун Чжэ Ин жұбайымен бірге күтіп алды.
5 жыл өткеннен кейін, генералды ең жоғары деңгейде қайтадан еске алуда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары кезіндегі келіссөздерде Оңтүстік Кореяның көшбасшысы Ли Чже Мён сүйекті қайтарғаны үшін алғысын білдірді. Қазақстан басшысы біздің елде қолбасшының рухы қастерленетінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Генерал Хон Бом До мәселесі бойынша халқымыз үшін бұл кейіпкер, генерал ерекше маңызды. Бұл кісі корей халқының нағыз патриоты, нағыз каһарманы деп айтуға болады. Генералдың есімі Қызылорда қаласындағы көшеге және мемориалдық кешенге берілді.
Ли Чже Мён, Корея Республикасының Президенті:
- Корей халқы біздің қаһарманымыз, генерал Хон Бом Доны ешқашан ұмытпайды. 5 жыл бұрын сіздің белсенді қолдауыңызбен Кореяның тәуелсіздік қозғалысы батырының сүйегі атамекенге жеткізілгені есімізде. Біз бұл ізгі істі мәңгі есімізде сақтайтын боламыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев көрнекті қолбасшы жерленген мемориалдық кешенге барды. Өмірін ілінің тәуелсіздігі үшін күреске және халқын қорғауға арнағандардың рухына құрмет ретінде Арман Қырықбаев Қазақстан Президентінің атынан гүл шоқтарын қойып, генералдың рухына тағзым етті.
Мемориалдық кешенге бару – екі елдің тарихи мұрасына деген құрметтің көрінісі. Қолбасшы Хон Бом До екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністіктің символына айналды. Келесі жылы Қазақстанда корейлердің тұрып жатқанына 90 жыл толуын кең көлемде атап өтеді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #24KZ #Корея Республикасы #Сеул #тағзым #Хон Бом До #корей қолбасшысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz