Қазақстан 1959 жылғы 20 сәуірде Страсбургте жасалған Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялады, деп хабарлайды «24KZ». Бұл құжат елімізге қылмысқа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп, шетелге шығарылған қаражатты қайтаруға жол ашады.
Конвенцияға қатысушылар өзара негізде және тиісті талаптарды сақтай отырып, бір-біріне қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге міндеттеледі. Қазақстан тарапынан жасалған ескертпелер мен мәлімдемелерге сәйкес, іс-әрекет екі елде де қылмыстық тұрғыдан жазаланатын және қазақстандық заңнамаға сәйкес келетін жағдайда ғана мүлікті іздестіру немесе оған тыйым салу туралы сұраулар орындалады.
Сонымен қатар жаңа ережелерге сай:
Шетелдік азамат талап еткен жағдайда оның қамауға алынғаны, түрмеге қамалғаны, күзетпен ұсталғаны немесе ұстап алынғаны туралы тиісті консулдық мекемелерге хабарлау мүмкіндігі қарастырылған.
Адамның қатысуы туралы шақыру қағазын табыстау жөніндегі тапсырма шараның басталуына белгіленген күннен кемінде 50 күн бұрын берілуі тиіс.
Елімізге келіп түсетін сұрау салуларға міндетті түрде қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармалары қоса берілуі қажет.
Құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жіберуге және алуға уәкілетті орталық органдар болып Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура бекітілді. Бұл ретте Жоғарғы Сот соттардың өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша сұрауларға жауап берсе, Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы барлық басқа да сұрауларды өңдеуге жауапты болады.
Аталмыш Конвенцияға қосылу отандық құқық қорғау органдарына қылмыстық істер бойынша қажетті дәлелдемелер алуға және заңсыз жолмен шетелге шығарылған активтерді елге қайтаруға толық мүмкіндік береді.
Тегтер #құрылтай #заңсыз активтер #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz