RU
Толық нұсқаға өту
кадр бейнежазбадан

Депутаттар «СК-Фармация» қызметін тексеруді талап етті

23.09.2026, 11:39 53

«Ақ жол» фракциясы «СК-Фармация» жұмысындағы жүйелі заң бұзушылықтар мен отандық өндірушілерге жасалып жатқан әділетсіздіктерді сынға алды, деп хабарлайды «24KZ».

Құрылтай отырысында депутат Асылхан Қожахметов «СК-Фармация» ЖШС қызметіндегі өрескел заң бұзушылықтарды атап өтіп, бұл мәселені шұғыл шешуді талап етті. Партияға жүгінген «DOLCE» ЖШС өкілдері фармацевтика саласындағы сатып алу қағидаларының әділ қолданылмай отырғанын жеткізді. 

Депутаттың айтуынша, отандық тауар өндірушілері «СК-Фармацияның» талаптарын біркелкі орындамауына қатысты үлкен қиындықтарға тап болып отыр. Кейбір кәсіпорындардан мәртебені растау міндетті түрде талап етілсе, басқаларына бұл талап қойылмайды немесе кейіннен ғана ескеріледі. Бұл жайт Денсаулық сақтау министрлігінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау барысында анықтаған проблемаларымен толық сәйкес келіп тұр.

Сонымен қатар, қолданыстағы қағидаларда мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілердің «СК-Фармация» сатып алуларына қатысуына тікелей тыйым салынбағаны үлкен құқықтық олқылық екені атап өтілді. Медициналық бұйымдарды сатып алу рәсімдері кезінде де отандық өндірушілерге тең жағдай жасалмай, нәтижесінде экономикаға инвестиция салған отандық кәсіпкерлер ешқандай міндеттеме алмайтын басқа қатысушылармен салыстырғанда қолайсыз жағдайда қалып отыр.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің «СК-Фармацияның» үстінен министрлікке немесе прокуратураға жолдаған шағымдары дәл сол шағым жасалып отырған ұйымның өзіне қайта жолданып, объективті тексеру жүргізілмейтіні алаңдаушылық тудыратыны айтылды.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік органдарға «СК-Фармацияның» отандық тауар өндіруші мәртебесін растау талаптарын біркелкі қолдануын қамтамасыз етуді, жосықсыз қатысушылардың сатып алуларға қатысуына құқықтық баға беруді, медикаменттерді сатып алудың заңдылығын жан-жақты тексеріп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда шара қолдануды және шағымдарды шағымданып отырған органның өзіне қарауға қайта жолдау тәжірибесін тоқтатуды талап етті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz