Елімізде орнатылған салмақ-габариттік өлшеу станцияларының 70 пайызы деректерді толық бермейді немесе істен шыққан, ал рұқсат етілген осьтік жүктеме нормасын асыра тиеген жүздеген мың ауыр жүк көлігі асфальт төсемін тоздырып жатыр. «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Екатерина Смышляева Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа жолдаған депутаттық сауалында елдегі жол құрылысы мен оның сапасын сақтау мәселесіне қатысты деректерді жария етті, деп хабарлайды «24KZ».
Халық қалаулысы жаңа жолдар төселгенімен, олардың артық салмақ түсіретін ауыр жүк көліктерінің кесірінен бір жылға жетпей бұзылатынын атап өтті. Бас көлік прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда респубика жолдарында орнатылған 83 автоматтандырылған өлшеу станциясының 42-сі «Көлік базасы» ақпараттық-аналитикалық жүйесіне деректерді мүлде бермейді.
Мұның басты себептері ретінде жол төсемінің бұзылуы, байланыстың жоқтығы, датчиктердің істен шығуы және техникалық қызмет көрсетудің мардымсыздығы айтылып отыр. Ал жұмыс істеп тұрған 41 жүйенің тек 28-і ғана ақпарат жолдайды. Осылайша, қымбат тұратын жабдықтардың басым бөлігі өз міндетін толық атқармай отыр.
Депутат сонымен қатар құрылғыларға қатысты басқа да келеңсіздіктерге тоқталды. Мәселен, прокуратура жабдықтарға қасақана зақым келтірудің, оның ішінде 3 станцияның өртелгенінің 12 дерегін анықтаған. Ойынса, бір ғана 2025 жылдың өзінде жұмыс істеп тұрған жүйелердің көмегімен шамадан тыс ауыр жүк тиеген 76 мыңға жуық құқық бұзушының жеке басын анықтау мүмкін болмаған.
Бұған қоса, шешімдерді аумақтық инспекциялардың лауазымды тұлғалары қабылдайтындықтан және сандық жүйедегі мәліметтерді қолмен өзгерту мүмкіндігі сақталғандықтан, бұл процесс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Мәселен, министрлік 2028 жылға дейін құны 200–300 миллион теңге болатын тағы 141 кешенді орнатуды жоспарлап отыр, алайда бұрыннан тұрған жүйелердің жұмысы реттелмей жатып жаңаларын жаппай көбейтудің орындылығы үлкен сұрақ тудырады.
Осы мәселелерді шешу үшін депутат Үкіметке бірқатар ұсыныстар жолдады. Атап айтқанда, орнатылған барлық 83 автоматтандырылған өлшеу станциясына толық ревизия жүргізіліп, жаңаларын сатып алуға қаражат бөлу уақытша тоқтатылуы тиіс.
Сонымен қатар, бақылау пункттерін айналып өтуді, мемлекеттік нөмірлерді жасыруды және жабдықтарды зақымдауды автоматты түрде тіркейтін қосымша техникалық құралдармен қамтамасыз ету қажет. Бұдан бөлек, деректерді қолмен түзетуге толық тыйым салып, барлық өзгерістерді автоматты түрде тіркейтіндей цифрлық жүйені түбегейлі жетілдіру маңызды екені атап өтілді.
Тегтер #Екатерина Смышляева #Нұрлан Сауранбаев #ауыр жүк көліктері #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz