Қазақстан Халық Кеңесі – билік пен бұқара арасын байланыстыратын алтын көпір. Жаңа құрылым қоғамдағы саяси, әлеуметтік мәселелерді терең зерттеп, оны шешу жолын ұсынатын алаңға айналады. Қажет болса, құрылтай қабырғасына да заң жобасын жасауға жәрдемдеседі. Бүгін Президент Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөз сөйледі, ал ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында алда тұрған міндеттерге кеңірек тоқталады, деп хабарлайды 24KZ.
Жүз жиырма алты адам. Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен Халық Кеңесінің құрамындағы азаматтар бүгін бас қалада бас қосты. Есімі елге мәлім мәдениет өкілдері де, спорттың сайыпқырандары да, тіпті бизнестегі белсенділер де осында. Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи жиынның шымылдығын түріп, Ерлан Қошановты Халық Кеңесі Төрағасы лауазымына ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының Президенті:
- Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын.
Халық Кеңесінің рөлін Құрылтаймен теңестіруге болмайды. Кеңестің негізгі міндеті – қоғамда қалыптасып отырған әртүрлі пікірлерді, ұсыныстар мен бастамаларды жүйелеп, оларды заң шығару процесіндегі талқылауларға жеткізу. «Бұл мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа кезеңі», - дейді кеңес мүшелері.
Геннадий Шиповских, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Халық Кеңесінің құрамына қоғамдық және этномәдени бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері кірді. Бұл әр саладағы белсенділердің пікірін бір алаңға тоғыстыруға мүмкіндік бермек.
Мерей Қарт, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Халық Кеңесінің өкілдеріне жүктелетін жүк ауыр. Олардың әлеуеті қоғамдағы әртүрлі топтардың үнін естіртуімен шектелмейді. Белсенділер мемлекеттік саясат пен заңнамалық процестерге де ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес мүшелері халық пен билік арасына алтын көпір салуға тиіс.
Наталья Дементьева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алдында тұрған міндеттерге ертең алғашқы сессияның негізгі отырысында кеңірек тоқталады.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев
Тегтер #24KZ #Қазақстан Халық Кеңесі #Қасым–Жомарт Тоқаев #Ерлан Қошанов #Халық Кеңесі Төрағасы #бірінші сессия #құрылтай 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz