Алқалы жиында цифрлық Жібек жолын дамыту, ақпаратты жедел аудару және жастарға арналған жаңа медиа форматтар мәселесі көтерілді. Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект тілдік кедергілерді азайтып, екі ел арасындағы ақпарат алмасуды жеделдетеді. Кездесуде қазақ, орыс және қытай тілдерін меңгерген, халықаралық медианы және жасанды интеллект құралдарын қатар білетін жаңа буын мамандарын даярлау қажеттігі де айтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Баян Рамазанова, Қазақстан Журналистер одағының жауапты хатшысы:
- Қытай экономикасының қазір қарқынды дамып келе жатқанын білеміз. Ол – АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші экономика. Ал Қазақстан жаңа технологияларды енгізуге мүдделі. Оның үстіне, бізде Қытайда жоқ ресурстар бар. Яғни бұл – екі тарапқа да тиімді ынтымақтастық. Сондықтан журналистер де өзара байланыс орнатып, халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға үлес қоса алады.
Қытайлық әріптестер салалық журналистиканы дамыту тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, 1987 жылы жарық көрген «Қытай мұнайы» газетінің Қытайдың ішкі өңірлерінде 90, ал шетелде 3 тілшілер қосыны бар. Медиахолдинг өкілі Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастыққа бағытталған ұзақ мерзімді диалог алаңын қалыптастыру туралы ұсынысын жеткізді. Шетелдік әріптестер Қазақстан-Қытай үкіметтерінің келісімі негізінде жүзеге асқан «Азия газ құбыры» компаниясының жұмысымен де танысты.
Тао Лицзяо, CIPG Қытай баспалар тобының өкілі:
- Қазіргі уақытта біз тек Қазақстан Журналистер одағымен өзара байланыс орнатқанбыз. Болашақта Қазақстанның басқа да журналистік ұйымдарымен және салалық қауымдастықтарымен тығыз байланыс орнатуды қалаймыз. Бұл екі елдің БАҚ арасындағы өзара тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықты, гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Тегтер #24KZ #жасанды интеллект #Қазақстан #Қытай #ынтымақтастық #медиаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz