RU
Толық нұсқаға өту

Президент: тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керек

25.09.2026, 13:30 39

Тазалықты ұлттық брендке айналдыруымыз керек. Күні кеше Халық Кеңесінің отырысында Президент жауаптыларға осындай тапсырма берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру басты міндеттердің бірі екенін ашық айтты. Қоршаған ортаға қасақана залал келтіретіндерге жазаны қатаңдатуды тапсырды. Мемлекет басшысының сөзінше, қоғамдық орындарды әдейі ластау фактілері әлі де кездеседі. Десе де кей қала мен ауылдарда экологиялық мәдениет біртіндеп қалыптасып келеді. Бұл үрдісті барлық өңірлерге үлгі ету керек. «Таза Қазақстан» дегеніміз – жәй бастама емес. Азаматтарымыздың айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды. Адам мен табиғат – егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек. Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес. Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы – халқымыздың болашағына жасалған инвестиция. Сәні мен сәулеті жарасқан қала кеңістігі қатал ұстаз сияқты артық ақыл айтып, ділмәрсімей-ақ дұрыс жүріп-тұруға баулиды. Менің тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінімді байқаған боларсыздар. Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды. Жекелеген тұлғалар, тіпті тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы, мектеп пен қоғам, түптің түбінде, мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz