Бүгін Мемлекет басшысы қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп, Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұжымға жаңа Қорғаныс министрін таныстырып, бірқатар міндет жүктеді. «Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды. Бұл бүкіл еліміз үшін орны толмас қайғы-қасірет. Ең алдымен, қаза болған әскери қызметшілердің отбасына және жақындарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Бүгінгі жиынды бастамас бұрын қаза болған әскери қызметшілердің рухына тағзым ету үшін бір минут үнсіздік жариялаймын.
Президент болған оқиғаға қатаң баға берді. Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді деді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алынбады. Салада жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алғаны баса айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ашығын айтуымыз керек, бейбіт күнде 14 сарбаздың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайды қылмыс деп айтуымыз керек. Бұл – бірінші кезекте офицерлердің соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі. Ең алдымен, Мемлекет басшысы ретінде айтарым, қайғылы жағдайға жол берген әскери қызметшілер, лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылады. Заң бойынша қатаң жазасын алады. Жалпы өткізілген оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да ақылға қонымсыз, түсініксіз. Кез келген оқу жаттығу белгілі бір әскери операциялық жағдайға сәйкес жоспарлануы керек. Әрбір оқу-жаттығудың ралында барлық сын-қатерлер міндетті түрде ескеруліу керек. Ал бұл жағдайда сарбаздарды қайда не үшін теңіз жағасына түсіру көзделді? Бұл – үлкен сұрақ.
Мемлекет басшысы жеке құрамның қауіпсіздігіне назар аударды
Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бас штаб оқу-жаттығу шараларын дұрыс жоспарламаған. Заман талабына сай келмейтін қате мақсат-міндеттер қойған. Басқаша айтсақ, Қорғаныс министрлігі соғыстың әбден ескірген, қазіргі таңда мүлде өзекті емес әдіс-тәсілдерін қолданып әрекет еткен. Ең басты мәселе – әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, ең алдымен кез келген ауа райында адамды су бетінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмеген. Жауынгерлерге осындай аса маңызды қорғаныс құралдарының берілмеуіне не себеп болды? Енді бұл сұраққа кешенді тексеру жүргізетін арнайы комиссия жауап береді. Мен тиісті өкімге қол қойдым.
Мемлекет басшысы Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды
Әскерді түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Президент пәрменімен ауқымды әрі кешенді тексеру басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл оқиға қорғаныс саласының басқару жүйесінде әскери тәртіпті қамтамасыз ету ісінде олқылықтар өте көп екенін анық көрсетті. Әскерде түбегейлі реформалауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешімдер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс министрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын таныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күрделі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануы тиіс.
Президент: реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындайды. Еліміздің қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Мемлекет басшысы реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау екенін баса айтты. Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді. Ол – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын күшейту. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.
Авторы: Рухани Әбдірахман
Тегтер #Мемлекет басшысы #басшылық құрам #әскери реформа #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz