RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан-Германия: стратегиялық серіктестікке тың серпін

29.09.2026, 19:05 34

Германия Федеративтік Республикасының Қорғаныс министрлігінде Берлинге ресми сапармен барған Қазақстан Президентін қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізу үшін Германия Федералдық Президентінің резиденциясына барды. Сондай-ақ Президент бүгін бірқатар маңызды кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапардың алғашқы күні қазақ-герман қаржы платформасын құруды ұсынып, неміс компанияларын цифрлық технологияларға инвестиция салуға шақырды. Ынтымақтастықтың маңызды бағыты – Alatau City қаласы. Оны бүгін Президент те айтты. Орта Азиядағы алғашқы ақылды қала неміс капиталы мен еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады. «Alatau City бүкіл Еуразиядағы таланттарды, технология мен бизнесті тартатын жаңа орталыққа айналатынына сенімдімін», - деді Президент. Бұдан бөлек, инвесторларға қолайлы жағдай жасап, құқықтарын қорғайтынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз германиялық компанияларды өз әлеуетін деректер өңдеу орталығына, энергия тиімділігіне қатысты технологияларға, «бұлтты» инфрақұрылым» және киберқауіпсіздік салаларына жұмылдыруға шақырамыз. Тағы бір перспективті бағыт – қаржы технологиялары. Қазақстанда цифрлық қаржы экожүйесі жоғары деңгейде дамыған. Оның аясында әуелі ішкі нарыққа озық төлем жүйелері мен токенизация технологиясын ұсынып, кейін оны тұтас аймаққа таратуға болады.

Маңызды материалдар саласындағы серіктестік. Жиында қаузалған тақырыптардың бірі осы. Еліміз Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Олардың арасында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс секілді элементтер бар. Маңызды материалдар энергетикалық ауысымға, машина жасау, өнеркәсіп өндірісі, микроэлектроника, цифрлық технология салаларына ауадай қажет. Жиында Президент қос елдің жасыл энергетика және өнеркәсіп жобаларын бірге ілгерілететін платформа құруды ұсынды.

Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Rhenus Group басқарма төрағасын қабылдады. Тараптар көлік-логистика салаларындағы стратегиялық серіктестікті ілгерілету, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайын талқылады. Президент Орта дәлізді дамытуға бірлесе күш салуға шақырып, кәсіпорынның Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына қатысуын құптады. Еске сала кетейік, Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы ел аумағы арқылы өтеді. Былтыр шамамен 40 млн тонна жүк жеткізілді. Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий теңізіндегі айлақтармен тікелей байланыстырып, Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартады. Ал бұл неміс бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы.

Тобиас Бартц, Rhenus Group басқарма төрағасы:

- Біздің жоспарымыз – Орта дәліз бойындағы 14 терминалға инвестиция салу. Олар Өзбекстаннан басталып, Қазақстан, Әзербайжан арқылы өтіп, Түркияға дейін жетеді де, біздің Еуропадағы  желімізбен байланысады. Еуропада бізде 23 контейнерлік порт бар. Жалпы біз Қазақстанды және жалпы Орталық Азияны Еуропадағы логистикалық желімізбен байланыстыруға тырысып жатырмыз. Президенттің бізге уақыт бөліп, осы мәселені талқылауға және оны мақұлдағанына ризамын.

Қазақстан Deutsche Bahn компаниялар тобымен ықпалдастықты тереңдетпек. Президент кәсіпорын басшыларымен кездесіп, отандық теміржол секторын жаңғыртуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Wilo Group халықаралық технологиялық компаниялар тобының жетекшісі Оливер Гермеспен де кездесті. Президент концерннің Алатау қаласында сорғы құрылғысына маманданған өңірлік сервис және инженерлік орталығын ашу жоспарын құптады. Ал металл өңдеу ісін ілгерілету D.A.R. Metall AG компаниясымен талқыланды. Кристиан Артнер неміс компаниясының Алатау қаласында тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеуге, сондай-ақ Qarmet компаниясымен жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын растады. 

Авторлары: Әлішер Әли

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz