RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Германия президенттері саяси және экономикалық ынтымақтастықты талқылады

29.09.2026, 23:38 23

Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыс жыл санап нығайып келеді. Бұған соңғы 20 жылда Германиядан тартылған 8 миллиард доллар инвестиция дәлел. Екі елдің өзара саудасы былтыр 4,5 миллиард долларға жетсе, биылғы жеті айда 2,6 миллиард долларды құрады. Бүгін Берлинде Қазақстан мен Германия президенттері кездесіп, саяси және экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды 24KZ.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк Вальтер Штайнмайер әуелі шағын құрамда кездесіп, серіктестік жайын сүзбеден өткізді. Президент келер жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салып, бұл сапарды екіжақты ынтымақтастықтың айтулы оқиғасына балады. Артынша кездесу кеңейтілген құрамға ұласып, тараптар бірлескен декларация қабылдады. Мемлекеттер басшылары білім, медицина және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты одан әрі жандандыруға бейіл екенін растады. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев резинденциядағы құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.

Маңызды материалдар, ауыл шаруашылығы, энергетика. Бизнес форумда қозылған тақырыптар осы. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 23 пайызға ұлғайған, ал елден Германияға экспортталатын аграрлық өнімдер 38 пайызға артқан. Ендігі қадам — қосылған құны жоғары өнім шығарудың бүкіл тізбегі енетін ортақ жобаларды іске асыру. Президент: «Ғылыми негіздегі егін шаруашылығы мен су үнемдейтін өндірістен бастап, өнімді қайта өңдеу, сақтау және экспорт сатылары толық қамтылуға тиіс», - деді. Қ. Тоқаев елде Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар екенін айтып, саладағы ықпалдастыққа кеңінен тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс.

Президент елде жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды. Сондай-ақ жиында «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын айтып, жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозыды. Президент Германияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін жоғары бағалап, академиялық және кәсіби байланыстарды тереңдетуге негіз барын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынамыз. Оны озық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланыстыруға болады. Яғни әрбір ірі инвестициялық жоба кадр даярлайтын алаң болуға тиіс деген қарапайым қағидатқа сүйенген жөн. Сонда ғана капитал білімге, ал білім орнықты экономикалық өсімге ұласады.

Іскерлік кеңесті Германия Президенті экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.

Франк-Вальтер Штайнмайер, Германия Федеративтік Республикасының Президенті::

- Қазақстан — Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Оған осы кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын келісімдер дәлел. Федералдық Президент ретінде дамып келе жатқан өңірлік державалармен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламын. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркениет кеңістігін нығайта береріне сенімдімін», - деді. Бұдан бөлек, президент сапардың алғашқы күні қазақ-герман қаржы платформасын құруды ұсынып, неміс компанияларын цифрлық технологияларға инвестиция салуға шақырды.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыты — Alatau City қаласы. Оны бүгін Президент те айтты. Орта Азиядағы алғашқы ақылды қала неміс капиталы мен еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін тоғыстыратын көпір бола алады.

Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Rhenus Group басқарма төрағасын қабылдады. Тараптар көлік-логистика салаларындағы стратегиялық серіктестікті ілгерілету, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайын талқылады. Президент Орта дәлізді дамытуға бірлесе күш салуға шақырып, кәсіпорынның Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына қатысуын құптады. 

Еске сала кетейік, Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы ел аумағы арқылы өтеді. Былтыр шамамен 40 миллион тонна жүк жеткізілді. Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий теңізіндегі айлақтармен тікелей байланыстырып, Қытай – Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартады. Ал, бұл неміс бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы.

 Тобиас Бартц, Rhenus Group басқарма төрағасы:

- Біздің жоспарымыз — Орта дәліз бойындағы 14 терминалға инвестиция салу. Олар Өзбекстаннан басталып, Қазақстан, Әзербайжан арқылы өтіп, Түркияға дейін жетеді де, біздің Еуропадағы  желімізбен байланысады. Еуропада бізде 23 контейнерлік порт бар. Жалпы біз Қазақстанды және жалпы Орталық Азияны Еуропадағы логистикалық желімізбен байланыстыруға тырысып жатырмыз. Президенттің бізге уақыт бөліп, осы мәселені талқылауға және оны мақұлдағанына ризамын.

Қазақстан Deutsche Bahn компаниялар тобымен ықпалдастықты тереңдетпек. Президент кәсіпорын басшыларымен кездесіп, отандық теміржол секторын жаңғыртуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Wilo Group халықаралық технологиялық компаниялар тобының жетекшісі Оливер Гермеспен де кездесті. Президент концерннің Алатау қаласында сорғы құрылғысына маманданған өңірлік сервис және инженерлік орталығын ашу жоспарын құптады. Ал металл өңдеу ісін ілгерілету D.A.R. Metall AG компаниясымен талқыланды. Кристиан Артнер неміс компаниясының Алатау қаласында тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеуге, сондай-ақ Qarmet компаниясымен жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын растады. 

Авторы: Әлішер Әли

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz