RU
Толық нұсқаға өту

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады

29.09.2026, 23:55 15

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты.

– Германия – саяси ықпалы зор, әлеуеті мықты және халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Экономика, ғылым, технология және басқа да саладағы орасан жетістіктеріңіз – соның жарқын дәлелі. Осы сәтті пайдаланып, құрметті Канцлер мырза, Сізді және барша отандасыңызды келе жатқан Германияның бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Германияны дамудың жаңа дәуіріне бастаған, тұтас Еуропаның өсіп-өркендеуіне тың серпін берген тарихи күн екені сөзсіз. Мен достас герман халқының одан әрі көркейе беруіне шынайы тілектестігімді білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет деп атады.

– Келесі жылы екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Содан бері біздің серіктестігіміз барлық деңгейде дәйекті түрде дамып келе жатыр. Атап айтқанда, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарымыз нығая түсті. Тиісті шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз да кеңейді. Өзара құрмет пен қолдауға негізделген ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сапарды қорытындылай келіп, Германия Федералдық Канцлерімен мазмұнды келіссөздер аясында тараптар маңызды келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесулер мазмұнды және табысты өтті деуге толық негіз бар.

– Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы бекемделе түсетіні анық. Мен ертең Бавария қаласына барып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмын. Сапар барысында бірегей жиын – Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысамын. Бұл басқосу да елдеріміздің ынтымағын нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық Канцлері аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

– Біз кез келген шиеленісті бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейміз. Бұл – екі елге де ортақ ұстаным. Сонымен қатар біз «Орталық Азия – Германия» форматындағы диалогті одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz