Елде киберқылмысқа қарсы күрес күшейеді.
Бүгін Құрылтай Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялады. Маңызды құжат компьютерлік жүйелердің, желілер мен деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға арналған.
Мұнымен қоса, заңсыз әрекеттерге қатысты астыртын іс-әрекеттерге тосқауыл болуға бағытталған. Конвенция - ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы бірлесіп күш жұмылдыруға арналған бастама. Алғашқы халықаралық шарт 2001 жылы Будапештте бастау алды. Бүгінде оған АҚШ, Канада, Австралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа мемлекеттерін қоса алғанда 80-нен астам ел қатысады. Қазақстан үшін конвенцияға қосылу өте маңызды. "Алдымен қылмыстық құқықбұзушылықтарды тиімді анықтау және тергеп тексеру, ұлттық және халықаралық деңгейде қылмыстық қудалау жүргізу кезінде істі ширатуға мүмкіндік береді", - дейді Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ.
Үнзила Шапақ, ҚР Құрылтай депутаты:
- Бұл қадамның қажеттілігі, ең алдымен, қазіргі киберқылмыстың трансшекаралық сипатымен байланысты. Іс жүзінде қылмыс жасаған адам, жәбірленуші, сервер, провайдер және тергеп тексеру үшін қажетті электронды деректер бір мезгілде әртүрлі мемлекеттерде орналасуы мүмкін. Мұндай жағдайда тергеп тексерудің тиімділігі халықаралық өзара іс-қимылдың жеделдігіне және цифрлық дәлелдемелерді уақытылы сақтау мүмкіндігіне тікелей байланысты. 2023 жылғы 19 сәуірде Қазақстан Еуропа Кеңесі Министрлер комитетінің Конвенцияға қосылу туралы ресми шақыруын алды. Шақырудың қолданылу мерзімі бес жылды құрайды. Конвенция компьютерлік қылмыстар туралы істер бойынша ынтымақтастық пен электронды дәлелдемелермен жұмыс істеудің бірыңғай құқықтық тәсілдерін қалыптастырады.
Тегтер #Қазақстан #киберқылмыс #24KZ #құрылтайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz