Алматы және Жетісу облыстарындағы газдандыру жобаларын іске асыру мәселесі созылып кетті. Бұл туралы Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Нұрбақыт Теңізбаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Қаржы министрі Мәди Такиевке жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгінде Алматы облысында 27, Жетісу облысында 44 газдандыру жобасының құжаттамасы әзірленген. Сонымен қатар Кеген және Райымбек аудандарын табиғи газбен қамтитын «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы дайындалған.
Бүгінде Алматы және Жетісу облыстарын табиғи газбен қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге айрықша мән беріп отыр. Сондықтан өңірлердегі газдандыру жұмысына жаңа қарқын беруіміз қажет, – деді Нұрбақыт Теңізбаев.
Депутаттың айтуынша, жобалардың техникалық құжаттары бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы 2024 жылы алынған. Егер оларды іске асыру мерзімі тағы да созылса, құжаттаманы жаңартып, қайта сараптамадан өткізу қажет болуы мүмкін.
Егер бұл жобаларды мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қарастыру мерзімі кешіктірілсе, құжаттаманың ескіруіне және оларды түзету мен сараптамадан қайта өткізу қажеттілігіне алып келеді. Бұл өз кезегінде жобаның бірнеше есе қымбаттауына және белгіленген мерзімде аяқталмауына әкеледі, – деді депутат.
Осыған байланысты Нұрбақыт Теңізбаев Алматы және Жетісу облыстарындағы газдандыру жобаларын техникалық құжаттары ескірмей тұрып кезең-кезеңімен іске асыруды ұсынды.
Сонымен қатар «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын стратегиялық маңызы бар жобалар қатарына енгізу және Қонаев қаласындағы «Жаңа Іле» автоматтандырылған газ тарату станциясы жобасын өңірдің инфрақұрылымдық даму жоспарына қосу ұсынылды.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Теңізбаев #құрылтай #Алматы облысы #Жетісу облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz