RU
Толық нұсқаға өту

Қытай инвесторлары Қазақстанға қаржы салуға дайын

02.10.2026, 19:50 45

Қазақстан Қытай нарығына бағалы қағаздар шығара бастады. Бұл қатарда мемлекеттік облигациялармен қатар квазимемлекеттік компаниялардың да бағалы қағаздары бар. Биыл олардың құны 40 млрд юаньнан асқан. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Қазақстан Қытай нарығына 2024 жылы белсенді ене бастады. Сол жылы 400 млн-ға жуық юань тартылған. Келесі жылы бұл нәтиже он есе өсіп, 3,5 млрд-қа жетті. Ал қазір биржада айналымда жүрген юань облигациялардың көлемі 40 млрд асты. Мамандар мұның бірнеше себебі бар екенін айтады. Алғашқысы – инвесторлар базасын кеңейту. Яғни мемлекет тиімді шарттармен қаражат тартуы үшін таңдау болуы керек. Бұрын батыс елдерінен қарыз алса, қазір шығысқа да назар салып отыр.

Жарас Мұсабеков АХҚО биржасының қаржы директоры:

- Екінші себебі қазір Қытай экономикасында ақша арзан. Мысалы, жаңа айтып өткен Қаржы министрлігі 1,9 пайызбен қаржы тартты. Ал «Самұрық-Қазына» 2,18 облигация шығарды. Бұл өте төмен.

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Үшіншіден, бюджет тапшылығын жою үшін шетелден қаражат тартқан тиімді. Себебі ішкі нарықта облигациялар қымбат. Өйткені бізде базалық мөлшерлеме жоғары. Сондықтан қарыздардың үстемесі 18 пайызға дейін шарықтауы мүмкін. Бұл бюджетке қосымша салмақ түсіреді. 

Айбар Олжай, сарапшы:

- Бұл мәселені шешудің бір жолы – осы юань. Панда облигация дейді. Юаньдық 1-2 пайыздық облигацияларды алса, жаңағы қарыздарды жауып, бюджетке түсетін салмақты азайтуға болады. Бұл соған бағытталған. Юаньнның бір жақсы жері валюта тұрақты және Қазақстанның теңгесімен юань арасында үлкен-үлкен ауытқулар жоқ. Тұрақты болып тұрады. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Бұл ұзақ мерзімді стратегия құруға мүмкіндік береді. Яғни бес жылдық облигация шығарғанда, алдағы уақытта шамамен қанша қаражат кететінін күні бұрын жоспарлауға болады. Сонымен қатар Үкімет сыртқы қарызды азайтудың тағы бір тың әдісін тапқан.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазіргі уақытта біз тек мемлекеттік кепілдіктер береміз. Ол басқаша. Ол мемлекеттің қарызын көтермейді. Себебі қарызға жауапты жобаның иесі болады. Мысалы, жол, темір жол салсаң, темір жолдың төлемі, тарифтер қайтарылады. Біздің сыртқы қарызымыз – 8,4 трлн. Ол жалпы ішкі өнімге 4,5 пайыз болады. Жалпы халықаралық деңгеймен салыстырғанда өте төмен деңгей деп есептеледі. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Яғни болашақта бюджетке түсетін салмақ тағы азаяды деген сөз. 

Авторы: Серік Селеубайұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz