RU
Толық нұсқаға өту

БАӘ Транскаспий дәлізіне қосылуға мүдделі

02.10.2026, 20:10 49

Біріккен Араб Әмірліктері ұлттық теміржол желісін дамытып жатыр. Бұрын-соңды елде көлік қатынасының мұндай түрі болмаған. Биыл негізгі үш әмірлік арасында пойыз жүре бастады.

Жыл соңына қарай қалғаны ауқымды логистикалық тізбекке қосылады. Жоба жетекшілері бұл теміржолмен жүк тасымалдап, халықаралық сауда-саттықты ұлғайтуға ниетті. Соның ішінде Ұлы Жібек жолы бойындағы елдермен құрлықтық қатынас орнатуға баса көңіл бөліп отыр.

Араб Әмірліктерін көктей өтетін теміржол 1 мың шақырымға ұласып жатыр. Елдің батысы мен шығысын жалғайды. Бес жыл бұрын басталған құрылыс аяқталуға жақын. Қазірдің өзінде негізгі қалаларда логистикалық тораптар бой көтерді. Абу-Дабидан Дубайға және Фуджейраға жүрдек пойыз жүре бастады.

Азра Әл-Мансури, БАӘ Ұлттық теміржол компаниясының атқарушы директоры:

- 30 қыркүйектен бастап, үш Әмірліктің тұрғындары мен қонақтары теміржол желісін пайдалана алады. Бұл ел тарихындағы атаулы оқиға деуге болады. Заманауи инфрақұрылым нысанында бар жағдай жасалған. Станция Дубай метросына тікелей жалғанды. Пойыз вагондары үш санатқа бөлінді.

Әмірлік арабтарына көліктің бұл түрі әлі де таңсық. Ел ішінде көбіне үйреншікті автожолдармен жүреді. Дегенмен жаңадан салынған инфрақұрылыммен қаларалық қатынас қарқын алары анық. Бастысы теміржолмен жүк тасуға мүмкіндік ашылып отыр. Араб шығанағына теңізбен келген тауарды тұтас Таяу Шығысқа, кейін кері бағытта жөнелтуге болады.

Обаид Әли Әл-Зааби, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:

- Халықаралық жүк тасымалына келгенде ең әуелі Сауд Арабиясымен байланыс орнайды. Ол жақта Батыс Азия және Қытай бастамашы болған «Бір белдеу, бір жол» дәліздеріне қосылуға мүмкіндік бар. Бір жағы Корея, екінші жағы Испанияға алып барады. Осы аралықтағы ірі теміржолдарға қосыла аламыз. Мен мұны геосаяси тұрғыда аса маңызды жоба деп санаймын.

Демек ел үкіметі жан-жағы сумен қоршалған аумақта кеме қатынасына ғана иек артып отырған жоқ. Оған балама мүмкіндіктерді кеңінен қарастыруға көшті. Белгілісі Араб Әмірліктері ел ішіндегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі теміржолдарға қосылуға дайын. Кейбірін өз есебінен қаржыландыруы да мүмкін. Соның қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан арасын жалғайтын болат жол жобасы да бар.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Жолаушылар пойызы әмірліктер арасында тұрақты түрде жүріп жатыр. Күніне оншақты рет қатынайды. «Бірер жылда Оманға тікелей бағыт ашылады», - дейді тасымалдаушы компания өкілдері. Айтпақшы, теміржол станциялары біркелкі үлгіде салынған. Сыртқы және ішкі көріністері ұқсас. Ортақ талап бойынша қызмет көрсетіледі.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz