Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында елге мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты күтіп алды. Қазақстан Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекет шекарасынан елордаға дейін Оман Сұлтаны мінген бортпен қапталдаса ұшты. Мәртебелі мейманның келуіне орай ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президент оркестрі сап түзеді, деп хабарлайды 24KZ.
Артынша қос елдің басшылары әуежай залында аз-кем әңгімелесті. Хайсам бен Тариқ Әл Саид қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, ертеңгі келіссөздердің мазмұнды әрі жемісті өтетініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты қарым-қатынасты дамыту тұрғысынан Оман Сұлтанының сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Оман Сұлтандығы экономикасын ілгерілетуде зор табысқа жеткен, халықаралық аренада өте белсенді әрі конструктивті дәнекер мемлекет ретінде белгілі. Еліңіздің өз аймағында, одан тысқары жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да беделі биік. Мемлекеттеріміз арасындағы серіктестіктің әлеуеті зор екеніне сенімдімін. Алдымызда ынтымақтастық аясын мейлінше кеңейту міндеті тұр.
Сапар аясында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізу, бірқатар маңызды құжатқа қол қою, сондай-ақ мемлекеттер басшыларының қазақ-оман бизнес форумына қатысуы жоспарланған. Келер жылы қос ел арасындағы дипломатиялық қатынасқа 35 жыл толады. 1992 жылдан бері Қазақ-Оман арасындағы алыс-беріс үзілген емес. Былтыр тауар айналымы 900 мыңға жуықтап, Оманнан тартылған инвестициялардың жалпы ағыны 273 млннан асты. Ал биылғы алты айда елдер арасындағы тауар айналымы 294 мың АҚШ долларын құрады. Қазақстаннан қара металдардан жасалған бұйымдар, ферроқорытпа, геодезиялық немесе топографиялық аспаптар, сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер, электр тогын басқару аппаратурасы, мыс, бидай, резеңкеден жасалған бұйымдар экспортталды. Ал Оманнан елге парфюмерия, дәрілік заттар, бақылау немесе өлшеу аспаптары, бейінді проекторлар импортталды.
Тегтер #24KZ #Оман Сұлтаны #қарсы алу рәсімі #әуежайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz