Қазақстан мемлекеттік басқарудың платформалық моделіне көшеді. Бұл – Digital Qazaqstan стратегиясында белгіленген басты мақсаттың бірі. Бүгін үкімет отырысында 2029 жылға дейінгі тұжырымдама жан-жақты пысықталып, бастапқы нәтижесі қорытындыланды. Сонымен үш жылдың ішінде ведомствоаралық іс-қимылға жұмсалатын уақыт 2 есе қысқарады. Мемлекеттік қызметшілердің бірсарынды қағаз жұмысы біршама азаяды. Қазір жасанды интеллект өтініштер мен хаттамаларды тиімді өңдеп жатыр. Үкімет отырысында тағы не айтылды? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Digital Qazaqstan стратегиясы әр министрліктің алдағы үш жылда атқаруы тиіс шаруаларын жіпке тізгендей жүйелеп берген. Мемлекеттік қызмет пен әлеуметтік көмек алу уақытын 50 пайызға дейін қысқартып, мемлекеттік аппарат тиімділігін 25 пайызға арттыру – бұл бір ғана секторға белгіленген меже. Инфрақұрылым, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға да артылған салмақ аз емес. Өйткені әрқайсысының цифрлық экономикаға қосар үлесі зор. Оның бәрін еңсеру үшін ірі дата орталықтар алқабын құру қажет. Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Екібастұздағы ГРЭС-1-ден қуаттанатын алғашқы нысан құрылысы басталғанын айтты.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
– Келесі жылы жалпы қуаты 186 МВт болатын деректер орталықтарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. 2028 жылдың екінші тоқсанында тағы 109 МВт қуат іске қосылады. Firebird AI компаниясымен $10 млрд көлемінде келісімдерге қол қойылды. Жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр. Біздің міндетіміз – есептеу қуаттарының өңірдегі ең ірі хабын қалыптастыру.
Энергетика нысандардағы апатты жағдайды 25%-ға азайтып, энергия ресурстарының шығынын 90 пайызға қысқарту міндеті тұр. Ұлттық стратегияға сай Энергетика министрлігі цифрландыру көмегімен 23 млрд теңгені үнемдеу жолын есептеп қойды. Сондай-ақ алып өндіріс ошақтарының цифрлық телнұсқасын құра отырып, өнімділікті арттыруды көздеп отыр. «ҚазМұнайГазға» қарасты Ембі мұнайгаз кен орнында іске қосылған пилоттық жоба өндірісті 3 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
– Салада 45 жасанды интеллект жобаларынан тұратын портфель қалыптастырылды. Газа саласында ЖИ газ тұтынуды болжау үшін қолданылады, деректерді беру дәлдігінің көрсетіші 86 пайызға дейін мәлімдеген. Электр энергетикасында ЖИ өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін қолданылады. Апатты оқиғалар санын 78 пайызға дейін төмендету күтіледі. Цифрлық телнұсқа жобасы жалпы өнеркәсіп нысандарында да кеңінен қолданылады.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
– Мысалы, KazMinerals-та бұл шешім мыс алу деңгейін 2 пайызға, ал жалпы фабриканың өнімділігін 7 пайызға арттырды. 2028 жылға дейін Digital Twins технологиясын ірі кәсіпорындардың кемінде 60 пайызына енгізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де енгізілуде.
Қаржы секторында да ауқымды 8 жоба қолға алынған. Оның ішінде кәсіпкерлердің цифрлық картасы, жасанды интеллекті оңтайландыратын салық және кеден есептілігі, және онлайн аудит бар. Соңғысының тиімділігін қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов түсіндіріп берді.
Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:
– Бұл жүйе мемлекеттік органдардан қажетті мәліметтерді алып, басқа аудиторлардың тәжірибесін қолдануға мүмкіндік береді. Яғни жасанды интеллект сияқты мәліметтер қорын игере отырып, есепті дұрыс жасау жолдарын нұсқайды немесе салыстырып көрсетеді. Бұл аудиттің тиімділігін арттырады. Жалпы аудит тексерісін кеңсеге бармай-ақ, том-том құжаттарды ақтармай-ақ жүргізуге болады. Ол үшін қолда бар құжаттарды жүйеге жүктеп, аудитті онлайн жүргізуге мүмкіндік жасалады. Отырысты қорытындылай келе, Олжас Бектенов Үкіметтің «Digital Қазақстан» стратегиясын іске асыруға айтарлықтай дайындықпен кіріскенін атап өтті. «Интернетпен қамту деңгейі жоғарылады, электрондық сервистер мен қызметтер кеңінен қолданылып жатыр», – деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Осының барлығы жекелеген процестерді цифрландыру кезеңінен мемлекеттік дамудың жаппай цифрлық моделінің бірыңғай жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді көрсету едәуір жеңілдетілді. Көптеген сервистерді бір ғана батырманы басу арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да жаңа форматқа көшуде.
ЖИ министрлігі жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқынын одан әрі арттыра түсуі керек. Мемлекеттік қызметтердің экожүйесі проактивті болуы тиіс, яғни азаматтардың қыруар өтініш жіберуіне қажеттілік туындамайтындай жағдай жасалуы керек. Отырыс қорытындысы бойынша, үкімет басшысы Олжас Бектенов 2029 жылға дейінгі «Диджитал Қазақстан» стратегиясы бойынша сала жауаптыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Асхат Қарақойшиев
Тегтер #үкімет #Digital Qazaqstan #стратегия #жасанды интеллект
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz