RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан-Оман экономикалық әріптестігі жаңа деңгейге көтеріледі

06.10.2026, 21:21 34

Қазақстан мен Оман сауда, инвестиция және көлік-логистика салаларындағы әріптестікті кеңейтеді. Астанада Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Оман бизнес-форумы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы саяси уағдаластықтарды нақты экономикалық жобаларға айналдыру маңызды екенін айтты, деп хабарлайды 24KZ.

Форумға Қазақстан мен Оманның жетекші компаниялары мен іскер топтарының өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздер өзара сенім жағдайында өткенін атап, ендігі міндет сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты күшейту екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл үшін екі ел арасындағы құқықтық және институционалдық негізді одан әрі жетілдіру маңызды. Инвестицияларды көтермелеу туралы келісім инвесторларға ашық әрі түсінікті жұмыс шарттарын ұсынуға бағытталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін. Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама нақты жобаларды қаржыландыруға арналған капиталды біріктіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан Оманның Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Басым бағыттардың бірі – энергетика мен тау-кен өнеркәсібі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Энергетика және тау-кен өнеркәсібіндегі көпжылдық табысты серіктестігіміз оң нәтижесін бере бастады. Осы салаларда әлеуетімізді біріктіру жаңа бірлескен кәсіпорындардың пайда болуына септігін тигізеді.

Көлік пен логистика да келіссөздердің маңызды бөлігі болды. Қазақстан Оманды Таяу Шығыс пен Африка нарығына шығуға мүмкіндік беретін стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Оманның дамыған порт инфрақұрылымы Қазақстан жүктері үшін қосымша бағыт бола алады. Ал Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын транзиттік дәліздердегі мүмкіндіктерін ұсынады. Тағы бір перспективалы бағыт – ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі. Президент Қазақстанның аграрлық әлеуеті Парсы шығанағы елдеріне азық-түлік жеткізуді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еліміздің жазиралы даласында ауыл шаруашылығымен айналысуға мол мүмкіндік бар. Сондықтан бүкіл Шығанақ аймағының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сенімді серіктес бола аламыз.

Мемлекет басшысы екі ел кәсіпкерлерін іскерлік кеңес мүмкіндіктерін пайдаланып, жаңа жобаларды бірлесіп әзірлеуге шақырды. Қазақстан мен Оман енді саяси деңгейдегі уағдаластықтарды нақты инвестициялық, өндірістік және логистикалық жобаларға айналдыруды көздеп отыр.

Авторы: Данияр Сұлтанұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz