«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Ерлан Сайыр ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ».
Сауалда Мемлекет басшысының саяси реформаларын іске асыру және жаңа Конституцияның нормаларын қоғамға түсіндіру мәселесі көтерілді.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы елдің саяси жүйесінде ауқымды өзгерістерге жол ашты. Оның ішінде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты заңнамалық тұрғыда бекітіліп, бір палаталы Парламент – Құрылтай жұмысын бастады.
Ерлан Сайыр жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтарын халық арасында жүйелі түрде түсіндіру қажет екенін атап өтті. Бұл бағытта жастармен қатар ересектерге де арналған заманауи әрі тиімді ақпараттық-ағартушылық тәсілдерді әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ депутат «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын қоғамның дамуына бағытталған ұзақ мерзімді құндылықтар ретінде насихаттаудың маңызын айтты.
Осыған байланысты мектептер мен жоғары оқу орындарында аталған бағыттардың маңызына арналған тақырыптық сабақтар өткізіп, әдістемелік курстар ұйымдастыруды және оларды іске асырудың жүйелі тетігін әзірлеуді ұсынды.
Ерлан Сайырдың пікірінше, бұл шаралар қоғамның құқықтық және саяси мәдениетін арттыруға, сондай-ақ мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #құрылтайPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz