«Ауыл» партиясының депутаттары Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдап, банк шоттарына шектеу қойылған азаматтардың күнделікті өмір сүруіне қажетті ең аз қаражатын сақтап қалу мәселесін көтерді, деп хабарлайды «24KZ».
Бүгінде елімізде 90 күннен астам төленбеген проблемалық кредит көлемі 1,8 триллион теңгеге жетсе, атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 миллионнан астам адамның шотына тыйым салынған. Заң бойынша борышкердің шотында ең аз ақша мен кірістің 50 пайызы қалуы тиіс болғанымен, бұл талап іс жүзінде орындалмай отырғанын алға тартты депутат.
Әрине, азамат алған қарызын қайтаруы керек. Бірақ қазір төлемнің көбі цифрлық түрде жасалатынын ескерсек, шотына шектеу қойылған адам бұдан кейін қалай өмір сүреді? Жол ақысын, байланыс, су, жарық, жылу ақысын қалай төлейді? Азық-түлік, дәрі-дәрмекті қалай сатып алады? Аяқ-қолын матап тастап, адамнан жүгіруді қалай талап етеміз?! Тапқан табысы қолына тимейтін адамның еңбекке ынтасы жоғалады. Қарызды тұрақты табысы бар азамат қана өтей алады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін айдай анық ақиқат, – деді депутат Алмас Мухаметов.
Осыған байланысты депутаттар Ұлттық банкке борышкерге қажетті ең аз ақшаның сақталуын несие шартында міндетті түрде көрсетуді, бұл тәртіпті банк жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыруды және шотқа шектеу қойылған кезде азаматтың күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын қаржысын пайдалану тәртібін нақтылауды ұсынды. Фракция бұл бастама азаматтарды қарыздан босатуға емес, қарызды өндіру кезінде олардың қалыпты өмір сүру құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Тегтер #құрылтай #Алмас Мухаметов #24жаңалықтар #24KZ #Ауыл партиясы #Депуттаттық сауалPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz