Қазақстан БҰҰ-да әйелдердің құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында жүргізілген реформалардың нәтижесін таныстырды, деп хабарлайды «24KZ».
Женевада Қазақстанның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындауы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасы қаралды. Отырыста әйелдердің саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, денсаулығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды.
Баяндамада Қазақстанда әйелдердің шешім қабылдау үдерісіне қатысу көрсеткіштері туралы да мәлімет берілді. 2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын әйелдер иеленген. Бұл – 33,8%. Екі әйел Құрылтай Төрағасының орынбасары болып сайланған. Тағы үш әйел тұрақты комитеттерге жетекшілік етеді.
Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-ды құрайтыны айтылды. Ал басшылық лауазымдардың 39%-ын әйелдер атқарады.
Экономикалық мүмкіндіктерге қатысты баяндамада шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ын әйелдер басқаратыны көрсетілген. Бұл шамамен 1,1 млн кәсіпорын. Оларда 1,5 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Қазақстан экономикасында шамамен 4,5 млн әйел еңбек ететіні де атап өтілді.
Сонымен қатар әйелдердің ғылымға, цифрлық экономикаға және жоғары технологиялық салаларға қатысуына қатысты көрсеткіштер ұсынылды. Арнайы бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша оқудан өткен.
Отырыста әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі де талқыланды. Делегация өкілдері 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заңға тоқталды. Құжатта отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілгені айтылды.
Әйелдердің денсаулығына қатысты баяндамада соңғы бес жылда ана өлімінің 75%-ға төмендегені көрсетілді. Ауылдық жерлердегі әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамту деңгейі 62%-дан 81%-ға дейін өскені хабарланды.
Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың медициналық көмекке, жұмыспен қамтуға және кедергісіз инфрақұрылымға қолжетімділігі мәселесі де қаралды.
Адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша 2024 жылы тиісті заң қабылданғаны айтылды. Құжат аясында қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп адам саудасы құрбандарын анықтау стандарты енгізілген.
Баяндамада Қазақстанның гендерлік бюджеттеу, отбасын қолдау, кемсітушіліктің алдын алу және «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру бағыттарында БҰҰ құрылымдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастығы да қамтылды.
Халықаралық деңгейдегі бастамаларға қатысты Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою» туралы 57/18 қарарын қабылдағаны айтылды. Қарар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін халықаралық адам құқықтары күн тәртібінде бекітуге бағытталған.
Қазақстанның БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның шарттық органдарымен өзара іс-қимыл Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Отырыстың қорытындысы бойынша Қазақстан әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, экономикалық теңсіздікті азайту және зорлық-зомбылықтың барлық түрінің алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Қазақстан #БҰҰPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz