RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Ауыл әйелдерін қолдау үшін арнайы бағдарламалар қажет – Снежанна Имашева

07.10.2026, 16:07 61

Ауылдағы әйелдердің жағдайын жақсарту үшін арнайы бағдарламалар қажет. Бұл туралы Женевада өткен БҰҰ отырысына қатысқан ҚР Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары, Құрылтай депутаты Снежанна Имашева айтты, деп хабарлайды «24KZ».

Оның сөзінше, ауыл әйелдерінің қаржыландыруға, білімге және медициналық қызметтерге қолжетімділігіне қатысты мәселелер әлі де бар.

Бұл – ауылдағы және қаладағы әйелдердің жағдайына қатысты ең маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан ауылдағы әйелдердің жағдайын жақсарту үшін жай ғана декларативті мәлімдемелер жеткіліксіз, арнайы жеке бағдарламалар қажет. Бүгін комитет мүшелері де ауылдағы әйелдерге қатысты көптеген сұрақ қойды. Атап айтқанда, оларды қаржыландыру, білім алуға және медициналық қызметтерге қолжетімділігі мәселелері көтерілді, – деді Снежанна Имашева.

Депутаттың айтуынша, ауыл әйелдерін қолдауға бағытталған мемлекеттік тетіктер қазірдің өзінде бар. Мәселен, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін әйелдерге қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Медицина саласында да ауыл тұрғындарының қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Үкіметтің фельдшерлік-акушерлік пункттерді құру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ медициналық ұйымдарды тек қалада ғана емес, ауылдық жерлерде де салу бойынша бағдарламасы бар, – деді ол.

Имашева ауыл мен қала арасындағы білім беру алшақтығын қысқарту қажеттігін де атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе әйелдерге де тікелей әсер етеді.

Мәселе, ең алдымен, білім сапасына қатысты. Бізде әлі де жұмыс істейтін мәселелер бар екенін мойындауымыз керек. Сонымен қатар мемлекет те бұл бағытта аз жұмыс атқарып жатқан жоқ. Өйткені негізгі мақсат – білімге, әлеуметтік қорғауға және медициналық қызметтерге қолжетімділік ауыл мен қала арасында әртүрлі болмауы керек, – деді Құрылтай депутаты.

Оның айтуынша, ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайту тек әйелдер үшін емес, барлық азамат үшін маңызды.

Жалпы, бұл тек қыздар мен әйелдерге ғана емес, ерлер мен балаларға да қатысты, – деді Снежанна Имашева.

 

 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz