RU
Толық нұсқаға өту
halyq-kenesi.kz

Қазақстан Халық Кеңесінде Қоғамдық бастамаларды дамыту комитеті жұмысын бастады

09.10.2026, 09:26 89

Астанада Қазақстан Халық Кеңесі жанындағы Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетінің алғашқы отырысы өтіп, Мемлекет басшысының реформаларын іске асырудың нақты тетіктері мен алдағы кезеңге арналған ауқымды міндеттер айқындалды. Комитет төрағасы Вера Ким басқарған жиында негізгі күш қоғамдық және сараптамалық әлеуетті біріктіріп, өзекті түйткілдерге мазмұнды шешімдер әзірлеуге бағытталды, деп хабарлайды «24KZ».

Басқосудың басты жаңалығы ретінде құрылым жұмысын жүйелеу үшін үш салалық комиссияның құрылуы атап өтілді. Бұл алаңдар азаматтардың көкейіндеги мәселелерді жан-жақты пысықтап, мемлекеттік органдармен кері байланысты күшейтудің негізгі тетігіне алмақ.

Атап айтқанда, білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссияны жетекшілік ететін Мұрат Әбенов қала мен ауыл оқушыларының білім сапасындағы алшақтық, педагог кадрлардың тапшылығы және еңбек нарығының талаптарына сәйкеспейтін оқу бағдарламалары секілді өткір мәселелерді шешу үшін бейінді мамандар мен IT-сектор өкілдерін тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы орайда, заңнамалық бастамалар да назардан тыс қалмайды.

Өз кезегінде әлеуметтік саясат бағытын басқаратын Ләззат Қалтаева бұл саладағы жұмыстың адам өмірінің барлық кезеңдерін – денсаулық сақтаудан бастап тең мүмкіндіктер мен ұрпақтар сабақтастығына дейін қамтитынын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, басты өлшем – әр азаматтың өміріндегі нақты оң өзгерістер.

Ал Азаматтық қатысу және волонтерлік комиссиясының жетекшісі Алтынай Көбеева мемлекет, бизнес, ҮЕҰ және қоғам арасындағы байланысты тереңдету мақсатында өңірлерде көшпелі отырыстар өткізіліп, белсенділер мен коммерциялық емес сектор өкілдеріне арналған «Қоғамдық қатысу мектебі» ашылатынын мәлімдеді.

Жиында Комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспары да жан-жақты талқыланды. Құжатқа сараптамалық талқылаулар ұйымдастыру, мемлекеттік органдармен тығыз ықпалдастық орнату және Халық Кеңесі мүшелерінің бастамаларын іске асыру кіреді.

Отырыс барысында Төралқа мүшесі Бағдат Мусин «Таза Қазақстан» жобасы үшін арнайы цифрлық экожүйе әзірлеуді ұсынып, жұртшылық тарапынан түскен ұсыныстардың барлығы салалық комиссияларда кәсіби бағалаудан өтіп, нақты шешімдерге айналатынын көрсетті.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz