RU
Толық нұсқаға өту
halyq-kenesi.kz

Қоғамдық кеңестердің рөлі күшейеді: Ерлан Қошанов өңірлік өкілдермен кездесті

09.10.2026, 15:21 43

Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов еліміздің қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды «24KZ». Жиында мемлекеттік институттардың өкілеттіктерін кеңейту, халықтың үніне құлақ асу және өңірлік мәселелерді шешудің жаңа тетіктері талқыланды.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде 228 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оларда 3,5 мыңға жуық азамат тәжірибе жинақтап, қоғамдық сараптама жасауға атсалысып келеді. Жиын барысында осы әлеуетті біріктіріп, өңірлерден түсетін ұсыныстарды жалпыұлттық күн тәртібіне шығару маңызды екені атап өтілді.

Осы ретте өңірлердегі түйткілдерді жинақтап, жедел шешім қабылдау немесе заңдарға түзету енгізу үшін арнайы деректерді жинау тетігін жолға қою тапсырылды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен нормативті актілерді қабылдамас бұрын міндетті түрде қоғамдық сараптама жүргізіліп, тәуекелдерді бағалауды көздейтін «нөлдік оқылым» тәсіліне ерекше назар аударылды.

Қоғамдық кеңестердің алдындағы жауапкершілікті арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың басшылары олардың ұсынымдарының орындалуы бойынша кеңестер алдында жеке есеп беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылды. Бұдан бөлек, 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер» туралы заңға кешенді түгендеу жүргізіліп, оның нормаларын Халық Кеңесі туралы Конституциялық заңмен байланыстыру үшін арнайы жұмыс тобын құру жүктелді.

Кездесуде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов бастамаларды дербес сүйемелдеу үшін әрбір қоғамдық бастамаға Халық Кеңесінің бір мүшесін бекітуді ұсынды. Өз кезегінде Кеңес мүшесі Нұртай Сабильянов кеңестерді қалыптастырудың бірыңғай әрі ашық стандарттарын заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін алға тартты. Жиын қорытындысы бойынша өңірлердегі нақты ахуалды көрсететін жыл сайынғы талдамалық «Қоғам баяндамасын» әзірлеу және қоғамдық кеңестер арасындағы көлденең ынтымақтастықты дамыту міндеттері айқындалды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz