Варшавада Адам өлшемі жөніндегі конференция жалғасып жатыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуші Швейцария мен Ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы ұйымдастырған шараға әлемнің 57 елінен екі мыңға жуық делегат қатысты, деп хабарлайды 24KZ.
Арасында Қазақстан азаматтық қоғамының өкілдері де бар. Бүгін делегаттар демократиялық сайлау мен демократиялық институттар мәселесін талқылады.
«Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау мемлекеттік басқаруды орталықсыздандырудың негізгі кезеңінің біріне айналды». Қоғамдық саясат және мемлекеттік басқару жөніндегі сарапшы Сабина Сәдиева осылай дейді. Басқосуда баяндама жасаған зерттеушінің сөзінше, тұрғындарға атқарушы билікті таңдау құқығының берілуі жергілікті өзін-өзін басқаруды дамытуға жол ашты. Әрі елді мекендердің қаржылық дербестігін арттырды.
Сабина Сәдиева, Қоғамдық саясат және мемлекеттік басқару жөніндегі сарапшы:
- Сайлау ауылдардағы басқару жүйесін өзгертті және бәсекелестікті арттырды. Бір лауазымға үш кандидаттан, кейде тіпті тоғыз кандидатқа дейін таласады. Партиялық тізіммен емес, өзін-өзі ұсынатын тәуелсіз кандидаттардың көбейгенін де байқадық. Сонымен қатар сайланған әкімдер бюджетті үнемдеп, жергілікті қауымдастықпен басқаша тіл табыса бастады.
«Демократия мен мемлекеттік институттар бір күнде құрылмайды. Ол уақытты, табандылықты қажет етеді». Осыны айтқан армениялық сарапшы Қазақстандағы институционалдық өзгерістерді конференцияда көпшілікке үлгі етті. Парламенттік сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатысқан журналист халықтың белсенділігіне тәнті болған.
Геворг Меликян, Арменияның тұрақты даму және мемлекеттік басқару институтының басшысы:
- Сайлаушылардың 73 пайызы дауыс берді. Бұл нені білдіреді? Халық үкіметтің жасап жатқан реформасына сенеді және өзі де елдің саяси өміріне белсене араласуға дайын дегенді білдіреді. Яғни қазақ үкіметі халықтың сеніміне ие болды. Сондықтан Қазақстанның саяси, институционалдық, экономикалық, әлеуметтік реформа жасаудағы жетістігін бағалау керек.
Қазақстандағы конституциялық және парламенттік реформалар – саяси трансформацияның жаңа кезеңі. «Бір палаталы Құрылтай құру елдегі заң шығару процесін жеделдетіп, шешім қабылдау үдерісінің тиімділігін арттырады», – дейді сарапшылар.
Қарлығаш Жаманқұлова, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Біз жүзеге асырып жатқан Конституциялық реформаның барлығы адамдармен бірге жасалып, ең алдымен, халықтың игілігіне бағытталған. Қазақстанның 2026 жылы қолға алған бұл реформасы ұзақ мерзімді мақсаттарды көздейді. Ол тұрақты демократиялық жүйені қалыптастыруға және еліміздің егемендігін нығайтуға арналған.
«Қазақстандағы конституциялық реформа саяси институттарға еркіндік беріп, билік пен бұқараның байланысын бекемдеді». Елдегі ахуалды зерттеуші сарапшылар осылай дейді. Олардың пайымынша, билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу, Парламенттің рөлін күшейту, сот жүйесінің тәуелсіздігіне қосымша кепілдік беру демократиялық құндылықты нығайту процесі. Билікті орталықсыздандырып, әр азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді көздейтін реформалар өз жемісін береді деген сенімде сарапшылар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрсұлу Қасым, Ислам Махамбет
Тегтер #Варшава #конференция #реформаларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz