RU
Толық нұсқаға өту

Женевадағы Мэрлер форумында қалалар болашағы талқыланды

13.10.2026, 17:00 36

Женевада БҰҰ-ның алтыншы Мэрлер форумы аяқталды.

Әлемнің 50-ден астам елінен жиналған қала басшылары урбанизация, климаттың өзгеруі мен табиғи апаттарға төтеп беру жолдарын талқылады. Форумға Қазақстаннан Шымкент қаласының делегациясы қатысты. Ал Астана  Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қалалық инновациялар саласындағы алғашқы халықаралық сыйлығына үміткер 15 қаланың қатарына енді. 

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Әлемде халқы 10 миллионнан асатын 33 қала бар. Соңғы жарты ғасырда олардың саны төрт есе артқан. Қала өскен сайын баспана, жол және экология мәселесі де күрделене түседі. Халыққа қолайлы әрі табиғатқа зиянсыз қаланы қалай дамытуға болады? Женевада өтіп жатқан БҰҰ-ның алтыншы Мэрлер форумында осы мәселелер талқылануда. 

Форумның басты тақырыбы – БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 11-бағыты. Ол қалаларды қауіпсіз, қолайлы әрі түрлі қауіп-қатерге төзімді етуге бағытталған. Алайда Ұйым бұл мақсатқа 2030 жылға дейін жету қиын екенін мойындап отыр. Қазір әлемде кемінде үш миллиард адам қолайсыз тұрғын үй жағдайында өмір сүреді. Дегенмен, қоғамдық көлікке қолжетімділік артып, қалаларда жерді тиімді пайдалану көрсеткіштері жақсарып келеді. Мұндай оң өзгерістерді жалғастыру үшін қалалардың өзара тәжірибе алмасуы маңызды, дейді ұйымдастырушылар.

Паола Альбрито, БҰҰ Апат қаупін азайту жөніндегі басқарма директоры:

- Бұл форум – Женевада өтетін маңызды іс-шаралардың бірі. Өйткені бүгінде қала басшылары түрлі сын-қатерге бірінші болып қарсы тұрып, оларды шешудің жолдарын іздейді. Қалалар үшін басты қауіп – климаттың өзгеруі. Әсіресе Еуропада қатты сезіліп отырған аптап ыстық пен әлемнің көптеген өңірінде жиілеген су тасқындары. Климаттың өзгеруі азық-түлік өндірісі мен энергетика саласына да кері әсерін тигізіп жатыр.

Форумда 80 қаланың өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті. Шымкент әкімінің орынбасары Арман Сәбитов қоғамдық көлікті жаңғырту және жол қозғалысын ақылды жүйелер арқылы басқару жұмыстары туралы айтты. Ал Женева климаттың өзгеруіне қарсы күресті басты міндеттердің бірі деп санайды. Қала билігі 2050 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздеп отыр.

Кристина Китсос, Женева қаласының мэрі:

- Бүгінгі басты мәселелердің бірі – әлеуметтік теңсіздіктің күшеюі. Қоғамнан шет қалып жатқан адамдар көбейіп келеді. Екінші мәселе – климаттың өзгеруі. Оның зардабын да ең алдымен әлеуметтік осал топтар тартады. Женевада осы мәселелердің әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар. Біз көмекке мұқтаж тұрғындарды қолдап, қаланы көгалдандырып жатырмыз.  

Форум аясында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қалалық инновациялар саласындағы алғашқы халықаралық сыйлығы табысталды. Астана Орталық Азиядан финалға шыққан жалғыз қала атанып, үздік 15 үміткердің қатарына енді. Елорда байқауға жасанды интеллект негізіндегі «ақылды қала» жобасын ұсынды. Ал жеңімпаз атағына Шанхай, Ливерпуль және Шарлеруа қалалары иеленді.  Форум соңында қатысушылар ұсыныстар қамтылған қорытынды құжатқа қол қойды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz