Қазақстанның жаңа Конституциясында сөз бостандығы мен ақпарат алу еркіндігіне кепілдік беріліп, адам құқықтары мен БАҚ ролі күшейтілді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавада өтіп жатқан конференциясында тәуелсіз сарапшылар мен журналистер осындай мәлімдеме жасады. Бүгін басқосудың сегізінші сессиясында ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдері "Сөз бостандығы, БАҚ еркіндігі" мәселесін талқылады.
Қазір Қазақстанда 5,5 мыңнан астам БАҚ тіркелген. Олар қазақ, орыс және өзге де тілдерде еркін ақпарат алып, таратудан кенде емес. Жаңа Конституцияда сөз бостандығы да, адам құқықтары да шектелмеген. Керісінше бұл нормалар бұрынғыдан да барынша кеңейтілген, дейді сарапшылар.
Сабина Сәдиева, Телеграм каналының авторы:
- Мен өзімнің телеграм каналымды жүргіземін, мемлекеттік реформаларға шолу жасап, қажет болса өткір сынаймын. Бірақ сын үшін ешқашан қысымға ұшыраған емеспін. Ел бюджетіне, мемлекеттік сектордың қызметіне қатысты барлық ақпарат порталдарда ашық жарияланған. Деректерге қол жеткізу жағынан проблема жоқ.
"Сөз бостандығы жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер қарапайым қағиданы жадында ұстауы шарт", дейді журналист Ермұрат Бапи.
Ермұрат Бапи, журналист:
- Біздің журналистер, журналистика, жалпы масс медиа қоғам алдындағы, мемлекет алдындағы, мемлекеттің тәуелсіздігі алдындағы жауапкершілігін сезіне білуі керек деп ойлаймын. Себебі ел ішіндегі әлдебір контенттерді, тақырыптарды қоздырып, теңселіс тудыру ол біздің азаматтық жауапкершілігімізге сәйкес келмейді.
Жұрт жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру қажет, дейді тілшілер. БАҚ өкілдері беделді ұйымдардан цифрлық қауіпсіздікті күшейтуді де талап етті.
Қарлығаш Жаманқұлова, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Хельсинки келісіміне сәйкес цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуы керек. Және алгоритмдердің ашықтығын, Ұйымға мүше мемлекеттер азаматтарының жеке деректерін сақтауды ілгерілету үшін көбірек жұмыс істеуі керек деп есептеймін.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жергілікті жарнама нарығы бүгінде нарық үлесінің 60 пайызына дейін жоғалтып, БАҚ кері әсерін тигізіп отыр. Осыны шешу үшін "халықаралық ұйымдар жаһандық онлайн платформалармен өзара әрекеттесудің әділ ережелеріне назар аударса" дейді журналистер.
Авторы Мирлан Алтынбек
Тегтер #ЕҚЫҰ #Польша #Қазақстан #сөз бостандығы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz