Елде әлеуметтік көмек көрсету тәсілі өзгереді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қаржылай қолдау нақ мұқтаждарға көрсетілмек, деп хабарлайды 24KZ.
Қазіргі таңда бұл жүйеге ауқымды реформа енгізіліп жатыр. Өзгерістің барысын бүгінгі Құрылтай отырысында үкімет басшысы Олжас Бектенов хабарлады. Жаңашылдық қазынадағы қаржыны қаншалықты үнемдеуге мүмкіндік бермек. Отбасының табысы мен шығысын есептеуде қандай тиімді тетіктер қарастырылмақ.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
– Әлеуметтік көмек енді бәріне бірдей берілмейді. Үкімет қарашаны қолдауды азаматтың мәртебесіне емес, нақты мұқтаждығына қарай көрсетуді көздеп отыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзінше, қазір көпбалалы отбасылар табысына қарамастан бірдей қаржылай жәрдем алып отыр. Үкімет мұны әділетсіз деп санайды. Сондықтан келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік көмек көрсету жүйесі өзгермек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
– Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін ауқымды реформадан өткізіп жатырмыз. Енді адамның қай санатқа жататынына емес, оның нақты мұқтаждығына басымдық береміз. Келесі жылдан бастап бұл қағидат толық қолданысқа енгізіледі. Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек.
Жаңа тәртіп бойынша мемлекет қолдауға шынымен мұқтаж азаматтарға басымдық бермек. Ол қалай дейсіз бе? Қарапайым тілмен былай түсіндірейін. Әр отбасының цифрлық картасы болады. Ол бойынша алдымен азаматтардың қай санатқа жататыны анықталады. Ол ақпарат ай сайын жаңарып отырады. Сала министрінің сөзінше, халықтың әл-ауқаты табысы мен мүлкі, несиесі және кәсіпкерлікпен айналысуына қарап айқындалады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Санат бүкіл отбасы мен үй шаруашылығы туралы деректердің жиынтығы негізінде анықталады. Мұнда жалақы немесе мүлік секілді бір ғана белгі ескерілмейді. Цифрлық отбасы картасы мемлекеттік деректер базаларынан ақпарат жинап, үй шаруашылығының материалдық және әлеуметтік жағдайын кешенді түрде бағалайды.
Әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде азаматтардың депозиттері де тексеріледі. Бұл ретте екінші деңгейлі банктер әлеуметтік көмек алушы мен отбасы мүшелерінің келісімімен олардың банк шоттары мен депозиті бойынша деректерді ұсынбақ. Жаңа тәртіп негізінде кіріс пен шығыс та ескеріледі. Ал отбасының қаржылық жағдайы өзгерген жағдайда мемлекеттік қолдау шаралары қайта есептеледі. Ақпараттарды бір жерге түзетін цифрлық карта мемлекеттік дерекқорлардан үй шаруашылығы туралы 8 бағыт бойынша 50-ден астам көрсеткішке қатысты мәлімет жинайды.
Бұл тізімде жұмыспен қамту, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несиелік жүктеме, білім беру және басқа да ақпарат бар.
Тегтер #24KZ #жәрдемақы #құрылтай 2026 #Олжас Бектенов #Әлеуметтік көмекPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz