RU
Толық нұсқаға өту

Варшавада Қазақстанның кемсітушілікке қарсы заң жобасы таныстырылды

14.10.2026, 22:20 33

Қазақстанның кемсітушілікке қарсы заң жобасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының алаңында таныстырылды. Ұйымның Варшавада өтіп жатқан конференциясында қатысушылар «Төзімділік және кемсітпеушілік, ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтарын қорғау» мәселесін талқылады. Басқосуға қазақстандық заңгерлер мен сарапшылар қатысып, елдегі этносаралық келісім жайлы баяндады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық келісім – елдегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі. Конституция адамның нәсіліне, ұлтына, тіліне және дініне байланысты кемсітушілікке тікелей тыйым салады. «Елдегі этностар өз дәстүрін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келеді», - дейді гендерлік саясатты зерттеуші Эльмира Отар.

Эльмира Отар, Отбасы және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы:

– Халық кеңесінде этнос өкілдерінің мүшелігі бар. Этносаралық диалогтың қаншалықты бізде дамығанын теңдік дәрежеде екенін көруімізге болады. Халық кеңесінің 42 мүшесі этномәдени орталықтардан екен.

Зульфия Байсақова, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» басқарма төрағасы:

– Бұл диалог этнос өкілдерінің өз көзқарасын еркін білдіруге және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге белсенді қатысуына мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Сондай-ақ бұл – Қазақстанның кемсітушіліктен азат ел екендігінің дәлелі.

Қазақстанда тең құқықты қамтамасыз етуге және азаматтарды кемсітушіліктен қорғауды көздейтін бірыңғай заң жобасы әзірленді. Заңнама Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен, БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен дайындалған. Конференцияда отандық сарапшылар құжаттың адам құқықтарын қорғау тетіктерін дамытудағы маңызы жайлы баяндады.

Муслим Хасенов, Maqsut Narikbayev University Жеке құқық департаментінің қауымдастырылған профессоры:

– Заң жобасында тікелей және жанама кемсітушіліктің барлық түрі тыйым салынатын құқықтық тұжырымдамалар жазылған. Бұл институционалдық тетіктерді, жауапты мемлекеттік органдарды және осы функциялардың жүзеге асырылуын күнделікті бақылайтын ұйымдарды, яғни нақты кепілдіктерді белгілейді.

«Қазақстандағы этникалық қауымдастықтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуы тәнті етті», - дейді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары. Кристоф Камп Астанадағы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінен алған әсерімен де бөлісті.

Кристоф Камп, ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары:

– Қазақстан діни көшбасшылар мен діни қауымдастықтарды біріктіруде өте маңызды рөл атқарады. Бұл – өте сезімтал мәселе. Кездесулер мен талқылаулар үшін осындай платформа ұсыну арқылы Қазақстан діни қауымдастықтар мен олардың көшбасшылары арасындағы диалогты дамытуға үлкен үлес қосып отыр.

Геосаясат пен саяси текетіріс өршіп тұрған тұста ұтымды диалог алаңының болуы – әлем үшін маңызды. «Себебі түйткілді мәселенің түйінін тек конструктивті диалогпен тарқату мүмкін», – дейді Варшава конференциясына қатысушылар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрсұлу Қасым

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz