Онда Президент Биоалуандықты сақтау жөніндегі БҰҰ конференциясына қатысады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл күндері Мемлекет басшысының күн тәртібі тығыз. Бүгін Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 7-саммитіне қатысқан президент енді Ереванға келді. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайдан Арменияның вице-премьер-министрі Мгер Григорян қарсы алды. Ертең, 16-қазанда – Биоалуандықты сақтау жөніндегі БҰҰ конференциясы аясында көшбасшылар саммиті өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы халықаралық жиынға қатысып, табиғатты қорғау және экожүйені сақтау жөніндегі Қазақстанның ұстанымын ортаға салады. Екі жылда бір өтетін жаһандық жиынға БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериш және өзге де елдердің басшылары қатысады. Саммит аясында «Жер бетіндегі тіршілікті сақтау жолында» деп аталатын Ереван декларациясына қол қою жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың бағалауынша, COP17 конференциясы тәуелсіз Армения тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шара болмақ. Оған әлемнің 196 елінен 15 мыңнан астам делегат келмек.
Сондай-ақ биылғы жиын барысында 2022 жылы қабылданған Куньмин–Монреаль жаһандық бағдарламасының орындалу барысына шолу жасалмақ. Ол бағдарламаның бір көздегені – 2030 жылға қарай құрлық пен теңіз аумақтарының кемінде 30 пайызын қорғау және тозған экожүйелерді қалпына келтіру болатын. Табиғаттың тозуына адамзат қарсы тұра ала ма, экологияны – экономикалық мүддеден жоғары қоя ала ма? Алдағы екі апта Ереванда талқыланатын тақырыптардың өзегі осы болмақ. Ал экология десе үнсіз қалмайтын, үнсіз қала алмайтын Қазақстан жаһан жұртына нендей бастамалар ұсынады, ертең айтып береміз.
Авторлары: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков
Тегтер #Тоқаев #Ереван #БҰҰ #конференция
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz