Қазақтың елдік дәстүрі мен мемлекет тарихын арқау еткен «Құрылтай феномені» кітабы Түркияда таныстырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Анкарадағы басқосуда түркі халықтарына ортақ тарихи мұра дәріптеліп, ғасырлар сабақтастығы сөз болды. Сан ғасырлық тарихы бар Құрылтай дәстүрінің түркі жұртының ел басқару жүйесіндегі орны мен маңызы талқыланды.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Алматы мен Астанада оқырманға жол тартқан «Құрылтай феномені» кітабы енді Анкарада таныстырылды. 400 беттік ғылыми еңбек қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. Кітапта көне қолжазбаларға сүйене отырып, Құрылтай дәстүрінің тарихы мен түркі халықтарының ел басқару жүйесіндегі орыны сараланған. Ал еңбектің түрік тілінде жариялануына Түркияның Әділет және даму партиясының түркі елдерімен байланыстар жөніндегі басқармасы ұйытқы болды.
Маңызды жиынға бауырлас мемлекеттермен қатар Бангладеш, Ресей, Джибути елдерінің өкілетті елшілері, түрік ғалымдары мен Анкарадағы отандастарымыз қатысты. Алдымен осыдан 5 ғасыр бұрын құрылған Құрылтай дәстүрінің тарихи бастауы мен қоғамдық-саяси өмірдегі орнын дәріптейтін туынды көпшілік назарына ұсынылды.
Маңызды жиын сарапшылардың қатысуымен панельдік отырыспен жалғасты. Қатысушылар Құрылтай дәстүрінің тарихи маңызына тоқталып, бүгінгі қоғамдық-саяси үдеріс пен сабақтастығын атап өтті. Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Қазақстандағы Құрылтай атауына қатысты бастамаға пікір білдіріп, тарихи атауды жаңғыртудың маңызына тоқталды.
Күршад Зорлу, Түркия Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары:
- Құрылтай – көне түркі тарихының, біздің басқару дәстүріміздің ажырамас бөлігі. Парламент ұғымы мен атауы Батыстан келген деп айтылғанымен мыңдаған жыл бұрын бүгінгі парламенттік дәстүрдің негізін бірге қалағанымызды, мұны тарихқа таңбалап қалдырғанымызды Құрылтай ұғымының өзі көрсетеді. Осындай тарихи дәстүр ғасырлар өткен соң бауырлас Қазақстанда парламенттің атауын Құрылтай деп өзгерту арқылы тарихқа жаңа бір белгі қалдырып отыр.
Кітап авторларының айтуынша, бұған дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне қарасты «Ұлы дала тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының қолдауымен жарық көрген «Ұлы дала» кітабы осы бағыттағы ізденістерге негіз болды. Ал «Құрылтай феномені» сол еңбектің заңды жалғасы. Жаңа кітапта қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры мен ел басқару дәстүрінің сабақтастығы кеңінен зерделенген.
Омархан Өксікбаев, «Құрылтай феномені» кітабының қосалқы авторы:
- Бұл жалпы түрік халқына ортақ дүние. Кешегі анау Түрік атадан бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ елінің, біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының осы құрылтайды бірінші өзіңіз білесіздер, 2022 жылы Құрылтай кеңесін құрып, ақыры соны дамыта отырып, қазір Парламентіміздің аты Құрылтай болып отырғаны бұл біздің кешегі Құрылтайдың мән-мағынасы зор қылып, оны тірілттік.
Авторлар ғылыми ізденісті мұнымен шектемек емес. Алдағы уақытта Құрылтай дәстүріне қатысты тарихи деректерді зерттеуді жалғастыратынын айтады.
Зәріпбай Оразбай, «Құрылтай феномені» кітабының қосалқы авторы:
- Бұл кітаптың атауы өзгеріп тұруы мүмкін. Бірақ соны алғысөзінде көрсетіп өтеміз осы кітаптың жалғасы деп. Себебі бұл феномендікті, өзіміздің егемендікті, қазіргі жаңа Конституцияны да қамтыды. Одан Парламенттің Құрылтай деп қайта аталғанын да қамтыды. Бұның жалғасын басқа атаулармен шығаратын шығармыз.
Қазір ғылыми еңбек Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында таныстырылып жатыр. Алдағы уақытта кітапты Әзербайжан мен Еуропа елдерінде таныстыру мүмкіндігі де қарастырылуда. Кітап авторларының айтуынша, бұл бастама түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеуге мүмкіндік береді.
Авторы Ә.Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #құрылтай #кітап #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz