RU
Толық нұсқаға өту
Фото: бейнежазбадан алынған скриншот

Қазақстан мен Түркия арасында жеке куәлікпен саяхаттау мүмкін бе?

21.10.2026, 13:35 42

Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы тек «бауырластық» ұғымымен шектелмей, нақты экономикалық және стратегиялық нәтижелерге бағытталуы тиіс. Анкарадағы Қажы Байрам Вели университетінің профессоры, белгілі саясаткер Рухи Ерсой «Alem Talk» бағдарламасына берген сұхбатында екі ел арасындағы әлеуеттің әлі де толық пайдаланылмай отырған тұстарын атап өтті, деп хабарлайды «24KZ».

 Саясаткердің пікірінше, қос мемлекет арасындағы байланысты мұнай мен газ саудасының шеңберінен шығаратын уақыт жетті.

Бүгінде Қазақстан Түркияны Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші негізгі стратегиялық әріптесі ретінде қарастырады. Алайда, екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін ортақ институттарды дамыту, цифрлық ықпалдастықты күшейту және көлік желілерін кеңейту қажет. Профессор Қазақстанның сирек кездесетін табиғи байлығын шикізат күйінде сата бермей, бірлесе өңдеуді ұсынды.

Қазақстанның әлемнің көптеген елдерінде кездесе бермейтін маңызды стратегиялық минералдық ресурстары бар. Сондықтан ынтымақтастықты mұнай, газ және өзге де шикізат саудасымен шектемеуіміз керек. Қазақстанның ресурстарын Орта дәліз арқылы Түркияға, одан әрі батысқа жеткізіп қана қоймай, оларды өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруға басымдық берген жөн, – деді Рухи Ерсой.

Сонымен қатар, түркиялық сарапшы екі ел арасындағы тауар және капитал айналымын жеделдету үшін шекара мен кедендегі кедергілерді барынша азайту керектігіне тоқталды. Ол тіпті екі ел азаматтарының өзара сапарларын жеңілдету бойынша батыл бастама көтерді.

Түркия мен түркі әлемі бір-бірін тану мен жақындасудың бастапқы эмоциялық кезеңінен өтті. Ендігі кезекте нақты нәтижелерге бағытталған ынтымақтастықты дамытуымыз керек. Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда, кеден және көлік қатынастарын жеңілдетіп, азаматтардың жеке куәлікпен (ID-карта) өзара сапарлау мүмкіндіктерін кеңейту сияқты бастамаларды қарастырған жөн. Мұндай қадамдар адамдардың, тауар және капиталдың қозғалысын жеделдетеді, – деп түйіндеді профессор.

Спикер сөз соңында Исмаил Гаспарұлының «тілде, пікірде, істе бірлік» қағидатын басшылыққа ала отырып, университеттер арасындағы ғылыми интеграцияны да тереңдету маңызды екенін жеткізді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz