Швейцарияның Шаффхаузен қаласында Қазақстан мен Швейцарияның бірлескен мәдени-іскерлік орталығы ашылды. Жаңа алаң екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуді көздейді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл маңдайша Шаффхаузен қаласында ашылған Қазақстан мен Швейцарияның бірлескен мәдени-іскерлік орталығын айшықтап тұрады. Салтанатты рәсімде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі ел арасындағы әріптестік тек келіссөздермен шектелмей, нақты іскерлік бастамалар арқылы дамып келе жатқанын атап өтті. Жобаны Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен сервистік инфрақұрылымына ұзақ жылдар бойы инвестиция құйып келе жатқан Eurasia Group компаниясы Қазақстанның Швейцариядағы елшілігі қолдауымен қолға алды.
Мұстафа Захин, Eurasia Group AG президенті:
– Бұл орталықтың басты мақсаты – Қазақстан мен Швейцария арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашу. Біз Орталық Азияда 28 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Екі ел арасын жалғайтын тағы бір көпір орнатқымыз келген. Мұнда мәдени және білім беру жобалары жүзеге асырылып, іскерлік байланыстар дамиды.
Қайрат Саржанов, Қазақстанның Швейцариядағы елшісі:
– Бұл орталықты жаңа алаң деп санаймыз. Ол жаңа жобаларды талқылауға, жаңа инвестиция тартуға және тауар айналымын көтеруге мүмкіндік береді. Бүгінде Швейцария Қазақстанға 36 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы бір жарым миллиард долларды құрайды.
Жаңа орталық отандық өндірушілерге швейцариялық және халықаралық нарықтарға шығуға жол ашады. Әсіресе металлургия, ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібінің өнімдерін ілгерілетуге басымдық беріледі. Машина жасау және сағат өндірісі дамыған Шаффхаузен кантонының билігі де қазақстандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының қатарында агротехнология, фармацевтика, медициналық жабдықтар өндірісі және робототехника бар. Жергілікті компаниялар Қазақстанмен әріптестік орнатуға қызығушылық танытып отыр.
Марк Джанотти, CTI Vascular компаниясының бас директоры:
– Батыс елдері бірлесіп жұмыс істеу үшін Қазақстан сияқты мемлекеттерге барған сайын көбірек назар аударып келеді. Бізді қазақстандық ауруханалармен және дәрігерлермен ынтымақтастық орнату, клиникалық зерттеулер жүргізу және инновациялық технологияларды бірлесіп әзірлеу қызықтырады. Компаниямыздың негізгі бағыты – бітелген күретамырлардың өткізгіштігін қалпына келтіретін технологиялар. Біз Еуропа мен Қазақстан арасында тәжірибе алмасуды жолға қойып, медициналық технологиялардың болашағын бірге қалыптастырғымыз келеді.
Кристоф Шеррер, Шаффхаузен кантоны экономикалық даму агенттігінің басшысы:
– Біз жергілікті компанияларға сауда мен экспортты дамытуға көмектесеміз. Сондай-ақ Швейцарияға инвестиция салуға ниетті шетелдік кәсіпорындарға қолдау көрсетеміз. Әсіресе елімізді Еуропа нарығына шығатын алаң ретінде қарастыратын компанияларға көмектесуге дайынбыз. Қазақстандық кәсіпорындарға да осындай қолдау көрсете аламыз деп ойлаймын. Жаңа орталықтың міндеттерінің бірі де осы.
Орталықтың қызметі тек іскерлік байланыстармен шектелмейді. Мұнда мәдени іс-шаралар өткізіп, студенттер алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру жоспарланған. Швейцариялық қауымға қазақ мәдениетін таныстыру шарасы орталықтың ашылу салтанатынан-ақ басталды. Жиналған қауым домбыра мен скрипкада орындалған қазақ күйлері мен әуендерін тыңдап, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін тамашалады. Ұйымдастырушылар жаңа орталық іскерлік байланыстарды нақты жобаларға ұластырып, Қазақстанға деген қызығушылықты ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа айналдырады деп үміттенеді.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #24KZ #Швейцария #іскерлік орталық #мәдени байланыс #экономикалық байланысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz