Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында сан саланың майталмандарын Ақордаға шақырып, мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды 24KZ.
Президент өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын, ұлт мүддесі үшін қажырлы еңбек етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан азаматтарға құрмет көрсетті. Олардың арасында өнер қайраткерлері, ұстаздар мен ғалымдар және еңбек адамдары бар. Президент марапат иелерінің ел үшін сіңірген еңбегіне тоқталып, реформалар жайын баяндады.
Ұлттық мереке қарсаңында Президент ұлт қаймақтарын Ақордаға жинады. Шен таққан шекпенді, бұқара сенген белсенді одан қалса егіні бітік шыққан шаруа, алып кранды тізгіндейтін тәжірибелі машинист те осында. Бірі Ақордаға алғаш аяқ басса, енді бірі кезекті марапатты кеудегі ілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, ұлттық мерекенің тарихи маңызына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл – бүкіл халқымыз үшін мән-мағынасы ерекше және қастерлі мейрам! 25 қазанда ақжолтай құжат – Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Дәл сол күні ұлт жылнамасының жаңа кезеңі басталды. Көп ұзамай өз алдына дербес ел атандық. Тарихи әділдік орнап, қасиетті қазақ жеріне Тәуелсіздіктің алтын қазығы қағылды. Сондықтан бұл күнді Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған күн деп айтсақ, артық емес. Биыл біз ұлттық мерекені ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп жатырмыз. Қазақстан осы мемлекет тарихының мерейлі межесіне қарқынды дамып келе жатқан, әлем қауымдастығының құрметіне ие болған ел ретінде жетіп отыр.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жеті жылда атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Мәселен, экономикамыз өркендеп, 30 пайызға өскен. Ал жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. Ұлттық қор – балаларға жобасы аясында 7 млн баланың есепшотына 2,5 млрд доллар қаржы аударылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76-ға жетіп қалды. Ал былтыр елде 20 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Президент мұны бұрын-соңды болмаған көрсеткіш деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге басымдық беріп, баса назар аударып отырмыз. Әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-ші орында тұрмыз. Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 млрд долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі айтарлықтай артты, яғни 40 пайызға жетті. Кәсіпкерлеріміз отандық тауар өндірісін ұлғайтып, жаңа іскерлік мәдениеті қалыптасуда. Бүгінде осы салада еліміздегі еңбекке жарамды азаматтардың жартысына жуығы жұмыс істеп жүр.
Еліміз озық технологияға негізделген өндірісті дамытуға жол ашты. Кейінгі бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асты. Теміржол саласында серпіліс байқалды, автокөлік шығару ісіне де қан жүгірді. Мәселен, жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады. Жаһанның жетекші мемлекеттері де елімізге инвестиция салудан именбейтін болды. 2019 жылдан бері тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті. Бұдан бөлек құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы өсім де көңіл көншітеді. Алайда мемлекет негізгі назарды әлеуметтік салаға салады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 трлн теңге қаржы бөлінді. Мұны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдаған жөн. Қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр. 2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды. Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан астам түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл, түптеп келгенде, бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас.
Одан әрі сөздің ауаны цифрлық өзгерістерге ауды. Бас қалада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі қарқынды жұмыс істеуде. Ал ІТ қызметтердің экспорты 1 млрд доллардан асты. Президент мұны халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам деді. Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының жайын да қаузады. Жеті жылда 1483 балабақша ашылып, 1342 заманауи мектеп бой көтерді. Ал жастардың жоғары білім алуы үшін 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Оның жалпы құны – 1,5 трлн теңге.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді. «Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек. Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек.
Ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды
Мәселе де, мәртебе де түгенделіп біткен соң, кезек марапатқа көшті. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтардың маңызын ерекше атап өтіп, бірқатарына арнайы тоқталды. Ең жоғары еңбек марапаты – ол Қазақстанның «Еңбек Ері» атағы. Бұл мезірет Әбдірашит Доспановқа берілді. «Еңбек Даңқы» наградасының толық кавалері әке ізін басып, 40 жылдан астам металлургия саласында жұмыс істеп келеді. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретуде.
Әбдірашит Доспанов, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Сан саланың майталмандары Мемлекет басшысынан марапат алды. Арасында жастар да бар.
Дәурен Серғазин, актер:
– Ал төл мәдениетіміздің көрнекті өкілі сазгер әрі ұстаз Алтынбек Қоразбаев ең жоғары марапат «Отан» орденімен наградталды.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері:
– 129 еңбек ардагері, 473 жұмысшы мемлекеттік наградаға ие болды. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері марапат төріне шықты. Иә, ел абыройын асырып жүрген еңбек адамдарына құрмет мемлекеттік саясатымыздың өзегі. Қасым-Жомарт Тоқаев та азаматтардың мәртебесін көтеруге ұдайы мән береді. Өйткені жіпке тізілген жетістіктердің артында сан салада табан аудармай еңбек еткен мыңдаған маманның маңдай тері бар.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев
Тегтер #24KZ #Қасым–Жомарт Тоқаев #Мемлекет басшысы #Ақорда #республика күні #мемлекеттік награда #жетістіктерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz