RU
Толық нұсқаға өту

Парижде Қазақстанның Республика күні аталып өтті

24.10.2026, 13:21 32

«Қазақстан Францияның мызғымас қолдауына сенім арта алады».

Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы сыртқы сауда және инвестициялық тартымдылық мәселелеріне жауапты министр-делегат Николя Форисье осылай деді. Парижде Республика күніне орай дипломатиялық қабылдау өтті. Француз министрі Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға беріп, Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ролін ерекше атап өтті. 

Николя Форисье, Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрі жанындағы сыртқы сауда және инвестициялық тартымдылық мәселелеріне жауапты министр-делегат:

- Елдеріміздің құндылықтары ұқсас. Соның бір көрінісі Президент Тоқаев ұсынған Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы. Франция Қазақстанның берік серіктесі болып қалуға ниетті. Сондықтан бірлескен жұмысты жалғастыруымыз қажет. Сыртқы саудаға жауапты министр ретінде менің міндетім – француз компанияларының Қазақстанға, ал қазақстандық кәсіпорындар мен инвесторлардың Францияға көбірек келуіне ықпал ету. Бұл ретте ынтымақтастық тек тау-кен өнеркәсібі, энергетика немесе уран саласымен шектелмеуі тиіс. Азық-түлік өндірісі мен ауыл шаруашылығы сияқты басқа да бағыттарды дамыту маңызды.

Брюно Фукс, Франция Ұлттық ассамблеясының сыртқы істер жөніндегі комиссиясының төрағасы:

- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас үздіксіз нығайып, екі жыл бұрын күшейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл екі мемлекет тығыз байланыс орнатып, азаматтарының игілігі үшін бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді деген сөз. Сонымен қатар бізді әлемдік мәселелерге қатысты ортақ көзқарас біріктіреді. Бүгінде әлемде қауіп-қатер мен сын-қатер аз емес. Сондықтан мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен халықаралық құқықты құрметтеуге негізделген бейбіт әлем қалыптастыру үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. 

Мерекелік кеште Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі Майра Мұхамедқызы белгілі пианист Дина Дүйсеннің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Абай шығармашылығын зерттеген ғалым, француз профессоры Альберт Фишлер 2-дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.   

Альберт Фишлер, профессор, II дәрежелі «Достық» орденінің иегері: 

- Ең алдымен, Қазақстан Президентінің атынан осындай мәртебелі марапатқа ие болғаныма ерекше толқып тұрғанымды айтқым келеді. Шын жүректен алғыс білдіремін. Қазақстанды тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтай отырып, 1995 жылы ЮНЕСКО-ның сол кездегі Бас директоры Семейде, Абай білім алған қалада айтқан сөздерін еске түсіргім келеді. Сол кезде Федерико Майор: енді сіздер халықаралық қауымдастықтың назарында боласыздар деген еді. Бүгінде Қазақстан әлем назарында ғана емес, халықаралық қауымдастыққа өзі де жиі үлгі болып отыр. Ол әлемнің алпауыт мемлекеттерінің бәрімен диалог жүргізе алатын, жаһандық мәселелерді әрдайым бейбіт жолмен шешудің маңызын түсіндіре білетін бейбітсүйгіш елдің үлгісі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz