Брюссельде Бельгия Королі мен патшайымының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары талқыланды.
Еуропалық баспасөз клубында дипломаттар, журналистер және еуропалық институттардың өкілдері бас қосты. Басты мәселе – корольдік жұптың Астана мен Алматыға жасаған тарихи сапарынан кейін Қазақстан, Бельгия және Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынас қалай өрбиді? Жиынға қатысушылар келіссөздердің нәтижесін ғана емес, еліміздің халықаралық аренадағы ықпалының артып келе жатқаны туралы да сөз етті.
Антонио Бускардини, Брюссель баспасөз клубының президенті:
– Қазақстанның Орталық Азияда маңызды роль атқаратыны сөзсіз. Бұл аймақтағы жер көлемі ең үлкен әрі экономикасы өте қуатты мемлекет. Елдеріңіздің Орта дәлізді дамытудағы, Еуропалық Одақпен энергетикалық ынтымақтастық құрудағы, сондай-ақ Қытай мен Еуропа арасындағы саяси көпір қызметін атқарудағы алатын орны ерекше.
Тарихи сапар нақты келісімдермен түйінделгені белгілі. Барлығы қырық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде он алты коммерциялық келісім және жиырма екі жоғары оқу орны мен ғылыми мекеме арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум бар. Қазір Қазақстанда жүзден астам бельгиялық компания жұмыс істейді. Ал былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 765 миллион еуроға жетті. Саяси байланыстарды да одан әрі нығайту көзделіп отыр.
Гоммаар Дюбуа, Бельгия СІМ Орталық Азия және Кавказ департаменті директорының орынбасары:
– Қазақстан экономикасының жыл сайын бес пайыздан астам өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біз үшін елдеріңіз – болашағы зор, сенімді әрі тұрақты серіктес. Мемлекеттік сапар екіжақты қарым-қатынасымыздағы аса маңызды оқиға болды. Алдағы уақытта қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бағытындағы жұмысты жалғастыруымыз керек.
Мэрилин Джозефсон, Еуропалық Кеңес төрағасының сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі:
– Біздің алдымызда ынтымақтастықты дамытудың кең мүмкіндіктері ашылып отыр: көлік, цифрлық технологиялар, энергетика, білім беру және бизнес салаларында байланыстарды нығайта аламыз. Сонымен қатар саяси әріптестікті күшейтіп, климаттың өзгеруі, халықаралық құқықты қорғау және БҰҰ жүйесін қолдау сияқты жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуге ниеттіміз.
Тегтер #Бельгия #Брюссель #король #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz