Қазақстанның ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды. Мұны бүгін Мемлекет басшысы жолдауда қадап айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Президенттің сөзінше, азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. Сондықтан басты назар инфрақұрылым құру ісіне аударылады. Яғни жолдар салынып, халықтың игілігіне жұмыс істейтін нысандар пайда болады. Сондықтан барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Ол үшін ең алдымен жауаптылар жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ жолдауда қалалардың жайлылығына да жеке тоқталды.
«Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн. Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс. Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс. Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап. Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», – Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.
Тегтер #24KZ #жолдау 2026 #Қасым–Жомарт Тоқаев #үкімет #инфрақұрылымPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz